Алматыда тұңғыш рет жұмыртқа қорабын шығаратын зауыт ашылды

Алматыда тұңғыш рет жұмыртқа қорабын шығаратын зауыт ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматыда тұңғыш рет жұмыртқа салуға арналған қорап шығаратын зауыт ашылды. Осы уақытқа дейін ондай өнімдер толығымен шет елден тасымалданып келген екен. Іске қосылған зауыт енді алып шаһардың қажеттілігін 100 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, құс фабрикалары үшін жұмыртқа ыдысы бірнеше есе арзан болады.

Алғаш көргенде мына қоймалжың заттың жұмыртқа қорабымен еш байланысы жоқ сияқты. Алайда, бұл жұмыртқа ыдысының негізгі өнімі, яғни суланып, ұсақталған картон қағазы. Күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген мұндай қораптың 4 мың данасын шығару үшін 270 келі картон қағазының қалдығы қажет екен. Зауыт жұмысшылары оларды қаланың әр бөлігінен ерінбей жинап, өңдеп өнімге айналдырады. Зауытта күніне 100 мың қорап шығарылса, бір айда мұнда 2 млн жұмыртқа ыдысы шығарылатын көрінеді.




Мұндай бірегей зауыттың қалада іске қосылуы өндіріс үшін ерекше оқиға. Жаңа зауыт елімізде жұмыртқа қорабын шығаратын үшінші кәсіпорын болғанымен, өзінің технологиясының ерекшелігі жағынан алғашқысы екен. Кәсіпорында шығарылған өнімдер қаланың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, Ресей мен Қырғызстаннан импортталатын қораптарды нарықтан ысыратын болады. Бұл зауытты жүзеге асыруға бірнеше себеп түрткі болыпты. Әуелде жұмысын тек картон қағаз шығарумен бастаған кәсіпорын қағаздан көп қалдық шығатынын көрген. Әрі қала көшелеріндегі шашылып жатқан картондарды жинап пайдаға жаратып, шикізатқа айналдырыпты.

«Бұл кәсіпорынды құрудағы басты мақсатымыз - қалдық материалдарды қайта өңдеп пайдаға жарату. Зауытты құру туралы ой бірнеше жыл бұрын келді. Өйткені, біз жұмыртқа ыдысын көп жылдан бері іргедегі Қырғызстаннан импорттап жүрдік. Өзіміздің қолымыздан келіп тұрғанда, әрі материал барда неге шетелге тәуелді болмай, өз өнімімізді шығармасқа деп ойладым», - деді зауыт директоры Павел ТЕРЕХОВ.

Отандық өнім ең бастысы еліміздің құс фабрикаларына импорт тауармен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі. Өндірушілер жұмыртқа қорабының 1 данасын 10 теңгеге сатуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынды іске қосуға мемлекеттік индустрияландыру картасы бағдарламасы көмектескен. Қала дамуына үлкен әлеуметтік-экономикалық үлес қосып отырған зауыт қосымша 30 жұмыс орнын да ашыпты.

«Әрбір жаңа ашылған зауыт қала экономикасы, өмірі үшін үлкен мереке. Өйткені, ондаған, жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылады, ішкі жалпы өнім көлемі өседі, салық түсімі артады. Соның есебінен, біз қаланы көріктендіріп, саябақтарды жаңарта аламыз. Әлеуметтік маңызды құрылымдардың, мектеп, балабақша, ауруханалардың санын көбейтеміз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.

Индустрияландыру картасы жобасының 2015-2020 жылдарға арналған екінші бесжылдығында 21 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды. Оған жалпы саны 73 жоба кіреді. Ал, бірінші бесжылдықта бұл бағдарлама арқылы тек 20 кәсіпорын жұмыс жасай бастады.

Айдана Мейрамбайқызы, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров