Алматыда тұрғын үй мен жатақхана құрылысы жаңа қарқын алады

Алматыда тұрғын үй мен жатақхана құрылысы жаңа қарқын алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биылдан бастап тұрғын үй мен жатақхана құрылысы жаңа қарқын алады. Ал әлеуметтің әлсіз тобына төленіп келген қаржылық қолдау қысқармайды. Оған қоса, жеке сектор 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

Алматының даму динамикасы Елбасының айтқан бес бағытын бұлжытпай орындауға қауқарлы. Өткен жылдың өзінде тұрғын үй құрылысы 4 есе артып, 16 мың 500 пәтер кілті табыстылған. Биылдыққа 520 миллиард теңгенің 38 жобасы мақұлданып, нәтижесінде 1,5 миллион шаршы метр баспана салынады. Ал жастарды қолдау мақсатында былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 5 пайызбен тұрғын үйді ипотекамен алу үшін жергілікті қазынадан 1 миллиард теңге бөлініп, 100 алматылық қоныс тойын тойлады. Енді бұл бастама биыл да жалғасын таппақ. Қазынадан 2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Енді жақында ғана Елбасының айтқан «7-20-25» бағдарламасы оңтүстік астаналықтардың жағдайын жақсартып, құрылыс қарқынын арттырып, әрі жұмыс күшін көбейтпек. Бизнесмендерге  келсек. 10 алматылықтың 7-уі шағын және орта кәсіпкерлік секторында еңбек етуде. Аталған саланы қолдау үшін былтыр 8 жарым миллиард теңгенің 330 жобасы Үкіметтің шарапатын көрген. Ал шағын микрокредиттік ұйымдардың 6 пайыздан 5 жылға дейін несие беруі үшін 3 миллиард теңге қарастырлыпты.  Бүгінде 40 кәсіпкер бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгеріпті.

«Қадірлі қауым! Қорыта айтқанда, Елбасының сындарлы және кешенді саясатының арқасында елімізде Конституциялық реформа іске асырылды. «Рухани жаңғыру» баңдарламасы қабылданды. Экономикалық жаңғыру және өз алдына ел өмірін цифрландыру жүзеге асырылуда», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ал бүгінгі Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осы айтылған келелі істерді толыққанды ете түседі.

Жалпы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шеңберіндегі шаралар халқымыздың жартысынан көбін, оның ішінде алматылықтарды қамтитын болады.

Ал Ұлттық университеттің табалдырығын аттайтындардың саны осы жылы едәуір артпақ. Оған Елбасының басты назарға алған бес басым бағыты сеп. Әдетте, жыл сайын статусы жоғары білім ордасына түсудің шекті ұпайы биыл да жоғарылап,  80 балға дейін өспек. Осылайша,  озаттармен теңдей үлгерімі жақсы деген 20 мың түлек тегін білім алмақ. Ал тәлімгерлерді жатақханамен қамтамасыз етуге білім ошақтары қазірден бастап кірісті. Президент пәрменінің арқасында бір ғана жоғары оқу орынының студенттік жатақхана мәселесі 95 пайызға шешілмек. Былтыр 2 мың орынға шақталған 4 жатақхана тұрғызылыпты. Әйтсе де, әлі де Алматыдағы бас-аяғы 200 мың студенттің 50 мыңы жатақханаға мұқтаж.

«Сол бағытта үлкен жобаларды қолға алып жатырмыз. Студенттерге арналған 1 мың 200 орындық жатақхана. Оның құжаттары дайындалды. Заңнамалық жағынан бәрі реттелсе, біз жақын арада құрылысты бастауға дайынбыз», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр МҰТАНҰЛЫ.

Алматыға арман қуып, өзге өңірден оқуға түсуге келген талапкерлердің барлығына бірдей жатақханадан орын бұйыра бермейтіні рас,-дейді тәлімгерлер. Білімін шыңдаудың орынына, күн көріс қамына кірісіп кететіндерде жетерлік. Сондықтан тұрмысымыз түзелмейінше, оқуымыздың  оңбасы анық, дейді олар. 

«Елбасымыздың 54 мың гранттың үсіне 20 мың грантты қосып бөлуі, 2022 жылға дейін 25 мың жатақхана орынмен қамтамасыз ету бұл студенттерге беретін үлкен мүмкіндік. Біздің тобымыздың өзін алатын болсақ, жатақханада орын жоқ болғандықтан сол себептен жалдауға мәжбүр болады. Бірақ олардың бірінші ойы: қалай төлеймін, ата-анам қалай төлейді?», - деді студент Оксана ДРАЧЕВА.

Газдандыруға келсек, қаланың 96 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, биыл жеке сектор толықтай қамтылады. Ал Алматыдағы екінші  Жылу Энерго стансасын газға көшіру жұмыстары басталыпты. Энергетика министрлігінің мәліметіне сенсек, бұл экологияны 30 пайызға жақсартады.


Әйкерім Ердәулетқызы, Рашиддин Якупов «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров