Алданған халық ашулы. Алматының Әуезов ауданының тұрғындары тура үйлерінің іргесінде жүріп жатқан құрылысқа наразы. Айтуларынша, мердігер компания олардан биіктігі 1 қабаттан аспайтын нысан салып, дәріхана ашамыз деп қол жинаған. Тұрғындар келісімін бергесін құрылысшылар маңайды қоршап тастаған. Сорақысы сол, нысанның құжатын қыстырған кезде ғана құрылысқа рұқсат берген тұрғындар алданып қалғандарын бірақ білген.
Құрылыс нысанының құжатын көрген 9-шы ықшамаудандағы қос үйдің тұрғындары өре түрегелді. Мердігер мекеменің адамдары осыдан екі жыл бұрын «биіктігі бір қабаттан аспайтын дәріхана саламыз» деп жұрттан қол жинаған. Алысқа сабылмай-ақ, жақын жерден арзан дәрі алатынана сенген халық құрылыс құжатына қуана қол қойып, келісімін беріпті. Бұқараның батасын алып алған компания бір емес бірнеше қабат ғимарат тұрғызғалы жатыр дейді.
Кей тұрғындар ұлтарақтай жерге жапсарластырып нысан салуға мүлдем келісім бермедік дейді. Тіпті құрылыстың заңды немесе заңсыз екенінен де бейхабар. Десе де, жұрттың наразылығын ести сала, маңайға құшағын құжатқа толтырған мердігер компанияның өкілі де жетті. Айтуынша, жұмыстардың барлығы заңға сәйкес жүріп жатқан көрінеді.
«Бұл жерде стоматологиялық клиника болуы мүмкін немесе дәріхана. Бірақ ешқандай кафе, халықтардың айтып жатқаны ондай болмайды. Біз егерде құрылыс нормасын бұзатын болсақ, ондай рұқсат қағаз бермес еді», - деді мердігер компанияның прорабы Манас МАХАМБЕТӘЛИЕВ.
Мердігерлер айтқан рұқсат қағаздың өзі, сол қулықпен жиналған қолдың арқасында алынды, дейді тұрғындар. Өйткені, Сәулет және қала құрылысы басқармасы оларға бірнеше жыл қатарынан мекеме тұрғызуға рұқсат етпепті. Тек басқарма билігінен күшті сот шешімі құрылысты бастауға болады деген.
«Әуезов ауданының 9-шы ықшамауданындағы 40 А мекен-жайындағы құрылысқа біздің басқарма бірнеше рет рұқсат бермеген. Себебі, жер телімі кішкентай болды және қаланың көркін бұзады. Бірақ 2016 жылы соттың шешімі бойынша мердігер компанияға құрылыс жүргізуге сәулеттік жоспарлау жобасын беруімізге тура келді. Қазір байқасақ, ол жерде құрылыс ережелері бұзылып тұр. Тұрғызылатын нысан мен үйдің арасындағы қашықтық кем дегенде 6 метр болу қажет», - деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан КЕНЖЕБЕКОВ.
Құрылыс ережелерінің бұзылуына байланысты бұқара бұдан былай қаланың мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына шағымданулары қажет. Ал «қолымызды қулықпен қойдырды» деп ашынған тұрғындар құрылысты тоқтату үшін барлық мекемеге бас сұғуға дайын. Қажет болса мердігерлермен де соттасамыз деп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы