Алматыдағы Алмалы ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері түтінге тұншығып отыр. Қорқор мен түрлі тағамдардың исінен мезі болған жұрт бірінші қабаттағы мейрамханамен алысып, әбден шаршаған. Айтуларынша, көңіл көтеретін мекеме күндіз-түні мазаларын қашырады екен. Тіпті, біразымыз аллергияға ұшырап, тереземізді аша алмайтын күнге жеттік, -дейді халық.
Наурызбай көшесіндегі мына үйдің тұрғындары 5 жылдан бері мейрамхана қожайыны және ара-тұра ауысып тұратын жалға алушылармен арпалысып келеді. Сөздерінше, көңіл көтеретін орынды ашқан кәсіпкер халықты қорқордың түтініне тұншықтырған. Әсіресе, түнгі уақытта терезеден көшені көру мүмкін емес, - дейді жұрт. Ал мейрамхананы ашуға тұрғындардың ешбірі келісім бермепті. Өйткені бар болғаны 50 метр жерде балабақша орналасқан.
«Келісім жоқ бізде. Мына тұрған үйдің тұрғындары біреуі де ондай келісім берген жоқ. Мына жерде банк ашылады, сосын кішкентай кафетерий ашылады банктың жұмысшылары тамақ ішеді, деп айтқан. Мына үйде екі жағынан мейрамхана бар. Бұл үшінші мейрамхана болады. Егер орын санаса, ол орны нормадан асып кеткен», - деді Шолпан БЕРТІСБАЕВА.
«Мейрамханадан шығатын түрлі иістер адамның басын айналдырады. Қорқордан денсаулығымызға зиян келе ме деп қорқамыз. Оның үстіне, тура жақын маңда балабақшаның ойын алаңы бар. Коммерциялық мекеме кәсіпкерлер халықпен байланысқа шығып, бірге жұмыс істеуі керек қой»,-деді Гүлнәр БАДАЕВА.
Белгілі болғандай, кәсіпкер мейрамхана алдынан жаздық алаң ашу үшін оның эскизін сызып, алдымен аудан әкімдігі мен сәулет және қала құрылысы басқармасымен ақылдасулары керек. Соңғы шешімді қала әкімдігі шығарады екен. Ал Құрманғазы көшесіндегі 40 пәтерлі тұрғын үйдің мазасын алған мейрамхананың қонақтарын көшеде отырғызуға рұқсат қағазы жоқ болып шығыпты.
«Бізге тұрғындар тарапынан ұжымдық арыз келіп түспеді. Егер ол келсе, міндетті түрде қаралып, тиісті мекемелерге жүктелетін еді. Құрманғазы 43 мекен-жайында 3 көңіл көтеретін мекеме, яғни «Трэвэлс» кофейня, «Оливье» және «Моңғол» бар. 2 нысан бойынша жаздық алаң ашуға рұқсат қағазы бар. Осы уақытқа дейін «Моңғол» барынан жаздық алаң ашу турасындағы өтініш аудан әкімдігіне келмеді»,-деді Алматы қаласы Алмалы аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Ерден ХАЙРУЛЛИН.
Енді елдің пікірін ескермеген кәсіпкерді тұрғындар сотқа бермек. Өйткені түрлі мекемелерге жазған хаттарымыз жауапсыз қалып, мейрамхана тек айыппұл төлеумен шектеліп келеді,-дейді жұрт.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы