Алматыда монополияға қарсы күресетін комитет ыстық су мен жылуға қатысты тарифтің неліктен көтерілгенін түсіндірді. Қаперде болса, баға жыл басынан бері 8,3 пайызға өскен болатын. Мұндай қымбатшылық құбырлардағы апатты жағдайларды барынша азайту үшін жасалып отыр екен. Өйткені, оны жөндеу бағасы мен өзге де шығындардың құны аспандап кеткен. Осы айда ортақ жылу құбырлары жоқ тұрғын үйлер жаңартылған тариф бойынша төлем жасап үлгерді. Ал, құрылғысы барлар түбіртекті тек ақпан айының аяғында төлейді.
«Осы өзгерген 8,3 пайыздың ішіне жөндеу жұмыстары, шикізат материалдар, салық және өзге де шығындар өзгертілді. Жылу мен ыстық суға тарифтер газдың бағасын есептемегенде негізгі шығындары бойынша 2012-ші жылдан бастап, өзгертілмеген. Ал, өздеріңіз білесіздер, жөндеу жұмыстарының бағалары жыл сайын өзгеріп келеді. Ол жағдай авариялардың көбеюіне алып келуі мүмкін», - деді Алматы қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бауыржан ҚАЙЫРБЕК.
Жылу энергиясын өндіруге газ бен көмір қолданылатындықтан, бұл да бағаның көтерілуіне тікелей әсер еткен. Қала әкімдігі бірнеше рет халықтың қалтасын қақпас үшін бюджеттен 1,3 млрд теңге қаражат бөліп, өсуге жол бермеген көрінеді. Мамандар «енді бұл белгіленген құн жылу маусымы аяқталғанға дейін сақталады», - дейді. Коммуналды шығындарды үнемдеу үшін тұрғындарға ортақ жылыту құрылғысын орнатуға кеңес береді. Өйткені, олар жылуға 36 пайызға дейін аз төлейтін болады. Ал, жарық пен суық суға қатысты тариф өзгеріссіз қалды.
«Былтыр жылдың аяғында «Алматыэнергосбыт» біздің департаментке өз тарифтерінің өсуіне өтініммен жүгінге болатын. Алайда, біз өтінімді егжей-тегжейлі қарастырып, тарифтің өсуін болдырмадық. Сондай-ақ, биыл жылдың басында «Алматы су» компаниясы суық су және кәріз жүйелеріне тарифтің өсуі бойынша жүгінген болатын. Бізде осы өтінімді толығымен қарастырып, жазға дейін болжам бойынша тарифтің өзгеруі болмауы мүмкін», - деді Алматы қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары¤ Бауыржан ҚАЙЫРБЕК.