Алматыда университеттердің альянсы құрылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «университеттер альянсы» құрылды. Ұстаздар қауымының қолдауымен ашылған бұл ұйымға оңтүстік астананың 38 жоғары оқу орыны кіреді.

Біріккен барлық білім ордасының бағдары бір. Ол- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуына титтей де болсын үлес қосу. Сол үшін де, 15 мыңнан астам ұстаз қауымы бір-бірімен тікелей пікір алмасып, өскелең ұпақтың санасын жаңғыртуға бірігіп септеспек. Соның бір парасы-сапалы мамандарды даярлауға ықпал ететін ашық алаңның  жұмыс істеуі.  

«Бұл жерде ашықтық, жариялылық, демократиялық шаруалардың жемісі деп ойлаймын. Біздің унивеситетіміз ауылдан келген балаларды тәрбиелейтін оқу орны. Бізде ауыл шаруашылық мамандарын тәрбиелейміз. Бүгінгі күні сол ауылға, елін-жерін сүйетін жастарды тәрбиелеп жекізу үшін көп жұмыстар жүргізілуі керек», - деді Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Жанар ДӘУРЕНБАЕВА.

Алда атқарар шаруаның шаш етектен екенін ескерген ұстаздар, бұл бастаманың  ғылыми жағынан тәжиірбие  алмасуға таптырмайтындығын тілге тиек етті. Жобаның тиімді тағы бір тұсы-латын әліпбиін тәлімгерлерге тәптіштеп меңгерту. Бүгінде кейбір жоғары оқу орындары өз беттерінше арнайы орталықты ашуды қолға алған. Айта кетерлігі, енді  бір ғана білім ордасында өтетін бас қосуға қалған оқу орындары онлайн арқылы қосылып, қатыса алады.  

«Латын әліпбиін оқыту орталығын біз Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мен Ш. Уәлиханов атындағы институтпен қол қойылып орталық ашып жатырмыз. Сондай-ақ Елбасының айтып жатқандай, біз ағылшын тілінде бізде физика, математика, химия, биология мамандықтары бойынша, 19 оқулығымыз ағылшын тіліне аударылып жатыр», - деді Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жанатбек ІШПЕКПАЕВ.

Бүгін ғана құрылған альянстың алғашқы жоспары-жақын арада ұстаздар форумын өткізу. Талқыға түсетін тақырып - Қазақстанның сакралды нысандары. Бұдан бөлек, дәл сол бас қосу аясында мәдени құндылықтарды дамыту жөнінде интернет жоба ұсынылмақ.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров