Алматы әлемдік дүбірлі доданы қабылдауға дайындық үстінде. Санаулы күндерден кейін қалада студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа шартараптан келген ең мықты 17 ерлер және әйелдер командасы қатысады. Олардың арасында Канада, Германия, Франция, Аргентина және тағы басқа елдің спортшылары бар.
Студенттер арасында футзалдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты дәл осы Almaty Arena көпсалалы мұз сарайында өтеді. Алғашқы жарысты да осы кешенде тамашалауға болады. Ең бірінші Қазақстан және Чехия елінің ерлер құрамасы сайысқа түседі. Мұз сарайы соңғы дайындықтарын пысықтауда. Мамандар жарықты тексеріп, паркетті қойып жатыр. Сонымен қатар, Halyk Arena спорт кешенінде де жарыс болады.
«Осы футзалдан әлемдік чемпионат біздің тарихымызда, ТМД елдері тарихында алғашқы рет болады. Бұл өте дәрежелі, өте күрделі чемпионат деп айтуға болады. Себебі, ФИФА әлемдік футбол қауымдастығы бұл чемпионатты рейтинг бойынша санайды. Сондықтан, барлық құрамалар ең үздік ойындар көрсетуге тырысады», – деді Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир ШЫНЫБЕКОВ.
Бұл дүбірлі дода біздің елде ғана емес, жалпы ТМД аумағында тұңғыш рет өткелі отыр. Байрақты бәсекеге 17 елдің студенттер құрамасы қатысады. Оның ішінде, Аргентина, Чехия, Португалия және Германия сынды мықты командалар бар. Ерлер сайысында Қазақстан «В» тобында өнер көрсетеді. Қыздар да осы топта сайысады. Бозбалалардың топтық турнирдегі қарсыластары – Чехия, Беларусь және Жаңа Зеландия құрамалары. Ал біздің бұрымдылар – Португалия, Франция және Жаңа Зеландияның спортшыларымен ойнайды.
«Қазіргі командалардың бәрі өте үлкен дәрежелі ойыншылар. Әр мемлекетте чемпионаттар өтеді. Сол жақтан іріктеулер жүреді. Өзіміздегі сияқты. Қазіргі біздің бірінші группамыздағы командалар Чехия, Белоруссия, Жаңа Зеландия мемлекеттерінен келді. Біздің ойыншыларымыздың барлығы 23 пен 19 жас арасындағы енді шығып жатқан, енді көрініп жатқан жас балалар», – деді футзалдан Қазақстан ерлер құрамасының бапкері Қайрат ҚҰЛБАРАҚОВ .
Дүбірлі дода ұйымдастырушылары Германия, Канада, Қытай спортшыларын әуежайдан күтіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған аяқдопшылар Алматыда бір апта бойы кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайды. Финал 26 тамыз күні Алматы арена кешенінде өтеді деп жоспарланған.
Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы