Алматыдағы кейбір колледж мұғалімдері басқа пәндер бойынша сабақ беріп келген

28.03.2018 14:00

Алматыдағы кейбір колледж мұғалімдері басқа пәндер бойынша сабақ беріп келген. Оқу орындарындағы мұндай сорақылық ата-аналардың шағымынан кейін анықталыпты. Айталық, информатика пәнінің мұғалімі оқушыларға физикадан дәріс берген екен. Енді білімгерлерді түлкібұлаңға салғандардың ісімен полиция айналысып жатыр. Қазірдің өзінде 11 білім ошағы басшылығына 300 мың теңгеден аса айыппұл салынған. Мұндай жағдай тағы қайталанатын болса, онда жеке колледж иелері лицензияларынан қағылмақ.

«Былтыр жоспардан тыс тексеру барысында 11 әкімшілік іс қозғалды. Осы әкімшілік істер бойынша 306 315 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тексеру нәтижесінде Орталық Азиялық Университет жанындағы Әлеуметтік-гуманитарлық колледждің лицензиясы 2 айға тоқтатылды», - деді  Алматы қаласы білім беруді бақылау департаментінің басшысы Гүлнәр ЕРМЕКБАЕВА.



Теги: колледж