Алматыдағы халықаралық бизнес форумында өнеркәсіптік кәсіпорындарды таныстырды

12.12.2016 14:53

Алматыдағы халықаралық бизнес форумының екінші күні өнеркәсіптік кәсіпорындарды таныстырумен жалғасты. Шетелдік инвесторлар біздің отандық нарықта табысты жұмыс істейтін компаниялардың мүмкіндіктеріне куә болды. Олар қандай жобаларға ерекше қызығушылық білдірді, тілшіміз тарқатады.


Шетелдік қонақтар үшін бизнес-саяхат май зауытынан басталды. Мұнда өсімдік, пальма, күнбағыс майы мен маргарин шығарылады. Зауыт өткен жылы 10 миллиард теңге құйған ресейлік инвесторлардың көмегімен ашылған. Бұл қонақтарға отандық нарықтың тұрақты екенін, әрі оған сенуге болатынын айғақтады. Шетелдіктер кәсіпорынның өндіріс қуаты мен аумағына қайран қалды. Зауыттың жалпы аумағы - 11 гектар. Бұдан кейін, кәсіпкерлер еліміздегі ең ірі тігін және аяқ киім комбинаттарын көрді. Әрі етіктер мен костюмдердің сапасына жоғары бағасын берді.


 «Бізге инновация төңірегінде даму қызықты болар еді. Жаңа технологиялар мен материалдарды қолданып, өндірістік процесте жаңа тәсілдерді жетілдіргіміз келеді. Шетелдіктермен тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Олардан менеджментті, жаңа технологияларды қолдануды әрі экологиялық, үнемді тауарлар шығаруды үйренгіміз келеді»,- деді Компанияның маркетинг бөлімінің басшысы, Дина РАЗАҚОВА.


Зауытты мұқият қарап шыққан шетелдіктер, бірден ынтымақтастық жөнінде ұсыныс білдірді. Қала билігі Алматының өнеркәсіп саласындағы мақтанышы - индустриалды аймақты да паш етті. 17 гектар аумақты алып жатқан жылыжайға шетелдіктер тәнті болды. Іскерлер сол жерде ынтымақтастық туралы сөз қозғап, қызу талқыға кірісті. Саяхатқа қатысушыларды негізінен тамақ өндірісі қызықтырды. Мәселен, Бангкоктан келген кәсіпкер мұнда құс фабрикасын ашқысы келетін ойын жеткізді.


"Мен аралап шыққан үш нысанға да өте қызықтым. Мұнда үлкен әлеует бар, сондықтан өзім нақты осы экономикалық аймақта орналасқан өнеркәсіптерге қызығушылық білдірдім. Өзім тамақ өндірісін ұсынамын, осы салада үлкен жоспарларымыз бар»,- деді Кәсіпкер (Таиланд), Канохарт НУМПАЧАРОЕН.


Индустриялық аймақ шетелдік инвестицияларды тарту үшін құрылған болатын. Мұнда өндірушілердің жұмыс істеуіне ыңғайлы болу үшін бар жағдай жасалған. Ыңғайлы логистика, инфрақұрылым және мемлекеттік жеңілдіктер де баршылық. Кәсіпкерлер азық-түлік, құрылыс, фармацевтика, химия және жеңіл өнеркәсіп саласында еңбектене алады.


Айдана Мейрамбайқызы, Айерке Ермек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы