Алматыдағы қоғамдық көліктер мүгедектер жағдайына ыңғайланбақ

21.02.2018 01:27

Алматының қоғамдық көліктері мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болуы тиіс. Сондықтан алдағы күндері қаладағы автобустар қатаң тексеріледі. Тіпті, жүргізушісі де бақылауға алынбақ. Ал жіпке тізілген олқылықтар жауапты басқармаға жіберіліп, арнайы шара қолданылады. Бұл жұмыстар Алматы қаласының қоғамдық көлік реформасын жетілдіру үшін қолға алынып отыр.

Алматының мүмкіндігі шектеулі белсенділері қоғамдық көлік реформасын жетілдіру мақсатында қолға алынған тексеріске бүгіннен бастап білек сыбана кірісті. Тексеруші топ құрамында арбаға таңылған алматылық Мария да бар. Бойжеткенге жер асты көлігіне жету бүгін оңайға соқпады. Бекетке келген бойда іштегілерден көмек сұрап қоңырау шалған жолаушыға қызметкерлер тек 15 минуттан соң жәрдемге шықты.

«Метрода өз күшіңмен жүру мүмкін емес. Баспалдақтағы көтергіштер өте биік, ыңғайсыз жасалған. Сондықтан шығып-түсу қиын. Ал арнайы қызметкерлердің көмегімен көтергіш арбамен жүру ұзақ уақытты алады», - деді Мария ТАРАСОВА.

Метромен діттеген жеріне оңайлықпен жетпесін түсінген Мария бұдай былай мұнда бас сұқпауға уәде етті. Есесіне, бекет қызметкерлері «мүмкіндігі шектеулі жан келсе, көмек беруге сақадай-сай тұрамыз» деп ақталды. Ол үшін тіпті 45 жұмысшының арнайы бөлінгенін жеткізді.

«Менің кісім астынан көтеріліп келген 7 минутта сізге жәрдем беруге келе алады. Ал түсу мерзімі ол техникалық құрамға байланысты. Оның әрқайсының қауіпсіздік жағдайларға байланысты өзінің жылдамдығы бар. Сол жылдамдыққа қарап төмен түседі», - деді «Алматы Метрополитен» МКК қозғалыс қызметінің жетекшісі Нұрлан ҚАДЫРҚҰЛОВ.

Мария сапарын әрмен қарай автобуспен жалғастырды. Бірақ тағы да кедергіге тап болды. Жүргізуші көлікте тиісті пандус болса да, оны түсіруге ерініп, кембағал жанды ішке әзер кіргізді.

Бұдан бөлек, зағип жандар да өзгелердің көмегінсіз жолға шықпақ болды. Алайда, аялдамаға қандай қоғамдық көліктің тоқтағанын білмей, бірінші келгеніне мініп кетті. Жанарынан қағылғандар жүргізушілердің аялдамаларды хабарламайтынына қапаланды.

«Аялдамаларды хабарламайды. Қазір өкінішке орай, біз өзіміздің аялдамамызды білмей қаламыз. Өйткені, олар айтпайды бізге. Қазір мысалы, Гагарин даңғылы, келесі аялдама Розыбакиев көшесі деп. Автобустың ішінде арнайы жүйе бар болса да, ол жұмыс істемейді», - деді «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымының жетекшісі Пархат ЮСУПЖАНОВ.

Мүмкіндігі шектеулі белсенділер қоғамдық көліктер жүріп-тұруы қиын топтарға қолайлы болуы керек деп талап қойып отыр. Сондықтан олар жақын күндері қаланың жолаушылар көлігі басқармасына өз ұсыныстарын жеткізбек.

«Жолаушылар көлігі басқармасы бізге қолдау білдіріп, рейдке шығуымызға рұқсат етті. Енді барша қоғамдық көлікті кембағал жандарға қолжетімді етіп, оларға жағдай жасау жағын бірлесіп қарастырамыз. Әрі, тиісті нәтиже шығарамыз деп ойлаймыз», - деді Қ.Иманәлиев атындағы мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Вениамин АЛАЕВ.

Бүгінде Алматыда 40 мыңға жуық мүгедек бар. Болашақта олардың қоғамдық көлікпен барынша еркін қатынауына барынша жағдай жасалмақ. Айта кетейік, қалада қолға алынған көлік реформасын іске асыруда бұл топтағы жандардың мүддесі ескерілген.


Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы