Алматыдағы мектептер мен балабақшалар апатты жағдайға қаншалықты дайын?

05.04.2018 15:24

Алматыдағы №94 мектепте үзіліске жетпей, дабыл қағылды. Сыртқа ұмтылған оқушылар қауіпсіз жерге жиналды. Әйтсе де, апат орнында қалып қойғандары  да бар. Олар - көмекке зәру. Бұл - жаттығу шарты болатын. Төтеншеліктер тәлімгерлерге дер кезінде көмекке келе алды ма? Дайындығы қалай?

Апатты жағдайда қағылатын дабылды естіген мектеп оқушылары жаппай сыртқа ұмтылды. Басын сөмкемен жауып алған олар бірін-бірі таптамай, шапшаң далаға шықты. Әйтсе де, кейбір оқушылар нысанның ішінен дер кезінде шыға алмай қалды. Төтеншеліктер ғимартты толықтай итпен тінтіп, табылғандарды 3-ші қабаттың терезесінен түсірді.

Зәре-құты қашқан оқушыларға алғашқы көмек те дер кезінде көрсетілді. Сыртқа шыққандар топ болып тұра қалып, сыныптастарын түгелдей бастады. Қолдарына жасыл түсті қағазды ұстағандар өздерінің түгел екенін білдірсе, қызыл түсті көрсеткендер араларына әлі де оралмағандардың бар екенін хабар беріп тұрды. Бұл тәсіл апатты жағдайда ақпарат берудің ең оңтайлы тәсілі болса керек.

«Ресей Федерациясының Кемерово қаласында өтіп жатқан оқиғалар бойынша, оған қоса біздің министрдің бұйрығы бойынша, Алматы қаласы бойынша барлық мекемелерде осындай сейсмикалық оқу-жаттығулар және өртке қарсы жаттығулар жүргізіліп жатыр», - деді Алматы қаласы ТЖД азаматтық қорғау басқармасының аға-офицері Бекболат БҰҒАБАЕВ.

Осылайша Кемероводағы қабырғаны қайыстырған қайғылы жағдай көпке сабақ болды. «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін мамандар мұндай дайындықты ұдайы жүргізіп жатқандықтарын алға тартты. Осындай жаттығу жұмыстары  оқушылардың мектептен тыс уақытта да апатты жағдайда қажетіне жарап жатқаны жетерлік.

«Мақсаты-балаларды дайындау, төтенше жағдай мен бетпе-бет кездескенде олардың қауіпсіздік мәдениетін жоғарылату. Алатау ауданында үйде өрт алған кезде, 11 жасар данияр Сатыпалдыұлы өзінің жастығына қарамастан, екі қарындасын, інісін өртке оранып жатқан бөлмеден шығарып алған екен», - деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі  Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Жан-жақты қамтылған жаттығу сабағы тек Бостандық ауданында өтті. Шараға оқушылардан бөлек, 30-дан астам  мектеп директоры мен 28 балабақшаның меңгерушісіне дейін  қатысты. Бұл жолы көрмегенді көріп, білмейтінізді санамызға сіңіріп қайттық дейді олар.

«Жаңашылдығы ол - мынау терезеден түсіріліп жатыр. Адамдар құтқарылып жатыр. Сол сәттері қызық болып жатты. Итпен іздеп шыққандай. Ал біз жалпы 3 қоңыраумен далаға  балаларды шығару, стадионда жинауды барлық мектеп біледі», - деді М.В. Ломоносов атындағы № 38 Қазақстан-Ресей гимназияның директоры Гүлжан ДОСАЕВА.

Апатттың айтып келмейтіні ақиқат. Әйтсе де, төтенше жағдайға сақадай сай болу әрбір мекеменің міндеті. Былтырғы дайындық бойынша, Алматыдағы барлық білім ошағы мен мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі төтеншеліктердің тексерісі, олардың 100 пайыз апатты жағдайға төтеп бере алатындығын анық деген еді. Енді биыл мамыр айына дейін қаладағы барлық нысандарда сейсможаттығу жұмыстары жүргізілмек.


Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Теги: балабақша