Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада бірегей ота жасалды

15.05.2018 00:29

¤Алматылық дәрігерлер бас-ми тамырларының патологиясына бірегей ота жасады. Соның арқасында басындағы ісікпен 20 жылдай арпалысқан азамат құлан таза айықты. Миға тікелей байланысты ауруды ауыздықтау үшін хирургтер күрделі операцияны екі кезеңге бөліп жасаған.

Ерболат Ерекешовтың шекесіне осыдан 20 жыл бұрын ісік шығып, белгісіз дерт бойын дендепті. Үнемі басы ауырып, құлағынан шу кетпеген соң ол талай дәрігердің алдына барған. Тіпті, ота жасатып, ауруды ауыздықтауға тырысыпты. Бірақ кеселі күн санап асқына түскен. Ал басындағы ісік соңғы жылдары мүйіздей үлкейіп, тіпті, елге қарауға да қымсынатын.

«Ауру 95 жылы пайда болды басымда. Семей қаласында тұрғанмын ол кезде. Содан 4 жылдың ішінде өсіп шықты кәдімгі үлкен болып. Ешкім көмектесе алмады. Мен Қытайға бардым 2012 жылы. Ол жақтан көріп, анализ, диагноз жасады. Олар гарантия бермейміз деді. Бас айналу болған, көзім қарауытып кету деген сияқты нәрселер болған»,- деді Ерболат ЕРЕКЕШОВ.

Дәрігерлерден күдер үзген азамат соңғы үмітін үкілеп, былтыр Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға бас сұғыпты. Мұндағылар Ерболатқа артериовеноздық фистула, яғни бас-ми тамырының патологиясы диагнозын қойған. Хирургтер өте сирек кездесетін ауруды жою үшін күрделі ота жасауға бел буады. Бастағы ісік ми тамырларымен астасқан екен. Сондықтан дәрігерлер операцияны екі кезеңге бөліп жасаған.

«Операцияның үлкен асқынулары болуы мүмкін еді, бір рет істейтін болсақ. Олқан кету, жоғары қан жоғалту, асқынулары. Сол себептен біз бұл операцияны бірнеше этапқа бөліп істедік. Бірінші этаппен ісікке баратын тамырларды жауып, одан кейін келесі келген кезде екінші этаппен сол ісікті түгелдей алып тастадық»,-деді  Орталық клиникалық аурухананың нейрохирург дәрігері Марат САРШАЕВ. 

Сәтті жасалған отадан аман шығып, басындағы мүйіздей ісіктен құтылған Ерболаттың қазір қуанышы қойнына сыймай жүр. Ал ақ халаттылар науқастың жағдайын әрмен қарай үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы