Алматыдағы сауда желілері жаңа жыл қарсаңында жеңілдік жасауда

28.12.2016 16:29

Алматыдағы сауда желілері жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына 60 пайызға дейін жеңілдік жасауға көшті. Қазір құрамында 120 дүкен жұмыс жасайтын қаладағы 13 сауда желісінде 150-ден астам тауар түрлеріне жеңілдік жасалды. Олардың құны 19 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетілді. Әсіресе азық-түлік құны арзандады.

Қала әкімдігінің тапсырысымен жаңа жыл қарсаңында шаһардағы 13 сауда желісі арнайы жеңілдіктер науқанын жариялап, тауарларының құнын 19 пайыздан 60 пайыз аралығында түсіре бастады. Халыққа әсіресе азық-түлік өнімдері мен жаңа жылдық сыйлықтардың бағасы қолжетімді. Мәселен, қалағы ең ірі супермаркет «Carrefour» өз тарапынан 1000-ға жуық тауар түріне жеңілдік жасаған. Оның ішінде азық-түлік пен гигиеналық заттар 58% - ға дейін арзандатылыпты.

Ал, қала тұрғындары көп баратын Магнумда 45 түрлі тауардың құны әкімдік тапсырысымен төмендетілген болса, сауда желісі бұдан бөлек 1500-нан астам өнімді арзандатқан. Сауда желісінде жеңілдік жарияланғанға дейін 1 келі картоптың құны 129 теңге болса, қазір оны 98 теңгеге сатып алуға болады. 5 литр сұйық майдың бұрынғы бағасы 2269 теңге тұрса, жеңілдіктің арқасында 1849 теңгеге төмендеген. Супермаркет басшылығының сөзінше, қала тұрғындары тарапынан жаңа жылдық дастарханға арналған азық-түлікке сұраныс көп екен. Олардың қатарында көкөніс пен жемістер, ұн, майонез, май, жұмыртқа және әртүрлі сусындар бар.

«Жеңілдік жасап жатқан тауарларымыздың бірі - сұйық май. Мәселен, мына алматылық зауыттан шыққан 1 литр сұйық май акцияға дейін 412 теңге тұрған болса, қазір 383 теңгемен саудалануда. Сондай-ақ Өскенменде шығарылған мына сұйық май бұрын 2269 теңге болса, жаңа жыл қарсаңындағы жеңілдік арқасында 1849 теңгеге төмендеді. Жалпы сұйық май, халықтың өте жоғары сұранысына ие тауарлардың бірі», - деді «Magnum» сауда желісі филиалының директоры Лариса АСТЕМИРОВА.

Бұдан бөлек, қаладағы «Рамстор» сауда желілерінде «демалыс күнгі» жеңілдік қарастырылып отыр. Соның арқасында, алматылықтар сенбі мен жексенбі күндері аталмыш супермаркеттерден тауарларды  50% - ға дейін жеңілдікпен алады.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы