Алматылық дәрігерлер қатерлі ісік жайлаған бауырды емдеудің жаңа әдістерін меңгеруде

15.03.2017 16:39

Алматылық дәрігерлер қатерлі ісік жайлаған бауырды емдеудің жаңа әдістерін меңгеріп жатыр. Алматы онкология орталығында онкологтар химиоэмболизациялық және хирургиялық тәсілдер бойынша шеберлік дәрістерін өткізіп, бірнеше ота жасады. Бұл әдіс - қатерлі ісіктің ұлғайып, денеге жайылып кетуін тоқтатады екен. Былтыр Алматыда мұндай отаның 30-ы жасалған. Ал, биылғы жылдың басынан бері 18 операция сәтті жүргізілген. 

«Біз бүкіл ем тәсілдерінің басын біріктіріп, бір мастер-класс қылып жатырмыз. Оған Ресейден, Белорусиядан 4 белгілі спикерлерді шақырдық. Ол бұрында бізде орталықта болмаған, Қазақстанда да болмаған. Сондай тәсілдер біздің ауруханаға енгізіліп жатыр, болашақта осы ауруханада шоғырланған әдістер орын тауып, халыққа оң нәтижесін береді деген ойдамыз»,- деді Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері, Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ.

Онлайн режимінде өткен отаны - Қазақстанның әр өңірінен келген білікті мамандар бақылады. Бұл операциялардың тиімділігі - бауырдың қатерлі ісігіне қарсы егілген химиялық дәрілерден ағзаның өзге мүшелері зардап шекпейді. Дерекке сенсек, елімізде жыл сайын мыңға жуық адам бауыр ісігі ауруына шалдығады. Салдарынан науқастардың 56 пайызы 5 жыл өтпей жан тапсырады. Бауыр қатерлі ісігіне химиялық препараттарды артериялық қан тамырлары арқылы тікелей жіберу Қазақстанда бірінші рет 2011 жылы басталды.