Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек. Тазалық сақшылары күн сайын рейд ұйымдастырып, табиғатқа зиян келтіргендерді тезге салғанмен, тезірек түсінетіндер азаймай тұрған көрінеді. Жыл басынан бері қоршаған ортаға зиян тигізгендерге 26 миллион тенгеден астам айыппұл салыныпты.
Бұл осы дүкеннің әкімшісі. Өзіне қарасты аумақ қатқыл қалдыққа қақалып тұрса да, айыбын мойындаудан бас тартады. Қапыда келген құзырлыға алғашында иесінің басқа біреу екенін айтып, мойындамады. Кейін өз кінәсін түсініп, ақыры айыппұл арқалады.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына дүкеннің іргесіне жиналған қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындардың сөзінше, мұнда үйі жоқтар келіп паналайды екен. Түнімен ішкен арам сулары мен жеген тамақтарын осында тастап кете береді. Салдарынан қолаңса иіс маңайға тарап жатыр.
Табиғат жанашырларының сөзінше, дүкеннің дәл қасында қоқыс тастайтын арнайы орын бар. Бірақ оған тастап жатқан адам көрмедік, дейді. Тексеріс кезінде ауланы темір тормен қоршап алған пәтер иелер кооперативі де көзге түсті. Оның да айналасы жиналмаған. Жайқалып гүл өсіп тұратын жерді көлік тұрағына айналдырып алыпты. Құзырлыларды көре сала, ПИК жұмысшылары қоршауды бұза бастады. Бірақ олардың бұл әрекеті айыппұлдан құтылуға көмектескен жоқ.
«4 күн уақыт бердік. Бізге өздері кепілдік хат берді. 4 күннің ішінде тазалайды. Тазаламаса, біз 4 күннен кейін тағы да шығып, орнын қараймыз. Егер тазаламаған болса, қайтадан екінші баппен хаттама толтырылады», - деді Алматы қаласы Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.
Экологтар мұндай тексеру жұмыстарын жиі жасап тұрамыз дейді. Маңайы жиналмаған дүкен әкімшілігі мен пәтер иелері кооперативі 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл еселенеді. Жыл басынан бері қалалық экологтар табиғатты қорғау полициясымен бірлесе 1 мың 300-ге жуық хаттама толтырылыпты. 26 миллионнан теңгеден аса айыппұл салынған екен. Сонымен қатар, Алматының көркін бұзып тұрған жерлер суретке түсіріліп, 45-тен аса альбом жасалып, аудандық әкімдіктерге тапсырылған.
Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы