Шымкенттегі науқасқа шұғыл түрде көмек көрсету үшін аттанған қос дәрігер де білікті мамандар болған. Акушер-гинеколог Талғат Патсаев пен әріптесі анестезиолог -реаниматолог дәрігер Жәнібек Артықбаев осыған дейін талай нәрестенің өмірге аман келуіне жәрдемдесті. Марқұмдардың арқасында мыңдаған отбасы нәресте сүйіп, қазір балалы болып отыр.
Марқұм акушер-гинеколог Талғат Патсаевты жұрт жақсы біледі. Қайғылы хабарды ести сала, үйде байыз тауып отыра алмаған науқастар перинатология ғылыми орталығына ағылды. Саналы ғұмырын ана мен сәбидің өмірін аман сақтап қалуға арнаған оны, барлық әріптестері де құрметтейді. Ал, өзі басқарған бөлім мамандары әлі естерін жия алмай жүр. Кеше ғана жиналыс өткізіп, бірнеше маңызды жобаларды қолға алуды ұсыныпты. Көптің алғысын алғанға масаттанбай, қайта науқастарына жанашыр жан болған екен.
¤«Бұл жігіттің ең үлкен қасиеті әр уақытта адамгершілік қасиеті болатын. Барлық нәрсені ұғып тиянақты істейтін. Менің немере қызыма ота жасап қиын жағдайдан аман алып шықты. Келінімніңде өмірін сақтап қалды. Қазір қызым 1 жасқа толады», - деді Алматы облысының тұрғыны Асқарбек ЫСҚАҚОВ.¤
Жоғары білікті дәрігер Талат Патсаев перинатология орталығында бөлім меңгерушісі болып 20 жылдай қызмет атқарған. Талай жанға үміт отын сыйлап, дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге көмектесіпті. Медицина ғылымдарының докторын әріптестері жақсы адам деп еске алды.
¤«Өз ісінің маманы. Осындай кісілердің өмірден ерте өткені өте өкінішті. Әрине, көмек көрсетіледі. Барлық жерлеу рәсіміне материалдық көмек те көрсетіледі. ¤Өзі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Сондықтан сол жақта әке-шешесі, туыс-туғандары бар. Денесін сол жақа жеткізіп береміз», - деді акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директорының орынбасары Марат ХАВСЕМЕТҰЛЫ.
«Профессор Талғат Патсаевтай азаматтан айырылып қалдық. Өте керемет адам, жақсы әке, ең бастысы - халыққа көмегі тиген білікті дәрігер еді. Қаншама отбасыға бала сүю бақытын сыйлады. Тірі болса әлі қаншама адамға көмектесетін еді ғой. Оның медицинада жеткен жетістері біршама. Енді өзі көре алмаған жарығын балалары көрсін деймін. Мектеп жасындағы екі баласы жетім қалды», - деді Т.Патсаевтың туысы Мәлік ТӨРЕКЕШОВ.
¤Ұшақ апатында қайтыс болғандардың қатарында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жәнібек Артықбаев да болған. 37 жылдық тәжірбиесі бар оның бұл санитарлы авиациядағы алғашқы сапары емес еді. Былтыр 8 рет, ал биыл 11 рет аяғы ауыр әйелдерге көмектесуге аттанған екен. Тіпті еліміз бойынша санавиацияда жедел көмек көрсету бойынша негізгі кеңесші болған. Ал күні кеше әдеттегідей сағат 19:00-ге дейін кезекшілігін абыроймен атқарыпты. Кейін Шымкентте науқасқа кеңес керек деген хабар келіп түскен соң, бірден жолға шыққан екен. "Әуе кемесі опат болды" деген хабар әріптестерін есеңгіретіп тастаған. Сондықтан артық сөз айта алмай әбден қиналды.
¤«Бірге 14 жылдай жұмыс істедік. Жақсы маман, жақсы адам еді. Дәрігер болғанына міне биыл 37 жыл болды. Осы уақыт ішінде 1000-нан аса отаға қатысты. Оның қатарында аса ауыр жүректің оталары, одан кейін бауыр мен бүйректі ауыстыру операциясын жүргізуге ат салысты. Кеше кешке дейін бірге жұмыста болдық. Кейін Шымкентте ауыр халдегі әйелге көмек керек деп айтты да жолға шығып кетті. Мұндай қайғылы жағдай болады деп ойламадым. Өйткені, соңғы үш жылдың көлемінде санавиацияның қоңырауларына барып жүрді», - деді анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Исматулла КАМАЛОВ.
¤Жәнібек Артықбаев Қарағанды облысындағы Атасу ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын 1980-ші жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 60 жастағы дәрігер еңбек жолын Жезқазған қаласында бастапты. Соңғы жұмысы - Алматыдағы кардиология мен ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты. Мұнда 4 жылға жуық қызмет етіпті. Бірнеше ерекше оталарға қатысып, эндокринология курсы бойынша сабақ беріп жүрген. Профессор Жәнібек Артықбаевтың артында қос ұлы қалды. Марқұмдарды туған-туыстары мен әріптестері жұма күні жер қойнына тапсырады.
Жадыра Омаржан, Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы