Алматылық полицейлер "Тең мүмкіндік жолы" атты шарасын қорытындылады

08.12.2016 15:25

Алматылық полицейлер "Тең мүмкіндік жолы" атты жедел алдын-алу шарасын қорытындылады. Қалалық полицейлер 4 күн аралығында көліктерін мүгедектерге арналған тұраққа қойған 400-ден астам жүргізушіні анықтаған.


Бұл бір бағытта қатынауға болатын Манас көшесі. Мұнда орналасқан тұрақта көлігін тек мүмкіндігі шектеулі жандарға қоюға мүмкіндік беретін белгі бар.  Алайда тұраққа қойылған мына көлікте мүгедек деген жапсырмасы жоқ. Темір тұлпар иесінің сөзінше, оның оқу орны жақын маңда орналасқан. Сондықтан өз көлігін әрдайым осы жерде қалдырады екен. Оған қоса, жүргізуші мұнда орнатылған белгіден 10 метр жерде көлікті қалдыруға болмайтынынан бейхабар болып шықты. 


Егер көлік иесі айыппұлды 1 апта аралығында төлесе, онда ол қаржының жартысын төлейді. Ал, берілген уақыттан кешіккен жағдайда толық өтеуге міндетті. 


 «Өзінің автокөліктеріне жалған жапсырмалар жабыстырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиесілі орындарда өз автокөліктерін қоятын тұрғындар анықталу үстінде. Жалпы, әкімшілік кодекстің нормаларына сәйкес 100 мыңға жуық айыппұл көзделген бұл іс әркеттері үшін. Жалпы, осы заңнамада бұл үлкен норма болып табылады. Сондықтан да азаматтар бұл норманы бұзбас бұрын өз қалталарын, өз материалдық жағдайларын жіті ойлауы керек»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.


Алматылық полицейлер 4 күн ішінде мүгедектерге арналған тұраққа көлігін қойған 400-ге жуық жүргізуші анықтаған. Заңды өрескел бұзғандарға 26 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. 

 

Перизат Көмекбайқызы, Айбану Анарбаева, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы