Алматылық зейнеткерлер «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында түрлі қызметтер ала алады

Алматылық зейнеткерлер «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында түрлі қызметтер ала алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының және коммуналдық төлемдер құнының өсуіне байланысты ай сайынғы әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылды. Бүгінде 2 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек бойынша 46 млн теңгедей қаржы бөлінді.

Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Мейіржан Отыншиев  бүгін қоғамдық кеңесте осы мәселелер бойынша есеп берді. 

«Биылға дейін санаторий-курорттық емделуге жолдамаларды аудандық ардагерлік кеңес арқылы алатын болса, қазіргі уақытта біз мәслихаттың шешімімен оның нақты ережелерін бекіттік. Яғни, оның өз регламенті бар. Енді ол мемлекеттік қызмет ретінде тіркелетін болады. Сол бойынша жыл сайын 4 мың адамға жолдама беріледі. 4 мың зейнеткер биыл да сол қалпынша қалды. Ол үшін 400 млнға жуық ақша бөлінген. Және де оны алу үшін зейнеткерлер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қадағалау бөліміне өзінің тұрғылықты жері бойынша жүгіне алады. Алматы қаласында 222 мың зейнеткер тұрады. Сол себепті, оның барлығын жалпы қамту өте ауырға соғады. Яғни, қазіргі уақыттағы жаңа шешімге байланысты жолдамаларды нақты мұқтаж зейнеткерлер ғана ала алады. Біз олардың жалпы отбасылық табысын есептейміз», – деп түсіндірді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Тағы бір айта кетерлігі, Алматы әкімдігі 3 ай бұрын «Белсенді өмір сүру» картасын ұсынған болатын. Сол жол картасының аясында біраз істер атқарылған. Яғни, биылға қойылған график бойынша қазіргі 42 әлеуметтік клубтың 32-сі ашылған. Сонымен қатар, Қазақстандағы бірінші «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы шаһардағы Желтоқсан көшесі, 29 үй мекенжайы бойынша ашылған. Онда қазіргі уақытта күніне 75 адамға дейін зейнет жасындағы адамдар түрлі қызметтер алады. Алматы қаласында 1 мыңға жуық адам қазіргі таңда компьютерлік курстан өтіп жатқанын да айта кеткен жөн. Демек, қаладағы егде адамдар үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр деуге болады.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілінің айтуынша, бірқатар нысандар мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы жағдайлар жасап үлгерген. Ал еш өзгеріс жасауға тырыспаған нысан иелеріне әкімшілік шаралар қолданылмақ.

«2013-ші жылдан бастап, Алматы қаласында жалпы әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылымдарды мүгедектерге қолжетімділігі бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілді. 2017-ші жылдың соңында аяқталған сол жұмыстардың арқасында көптеген нысандарды бейімдеу сатысына өткіздік. Қолымызда қазіргі уақытта 1700-ге жуық нысан бейімделді деген ақпарат бар. Дегенмен, әлі де болса «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, мүгедектер қоғамдарымен бірлесіп, жұмыс тобын құрып, тиісті нысандарды тексеріп тұрамыз. Бүгінгі күні олардың жартысы өз ұстанымдарын өзгертсе, қалғандарының ештеңені өзгертпеген жайы бар. Сол себепті біз қаладағы Әлеуметтік қорғау департаментіне тиісті хаттар жолдаудамыз. Осылайша, қажетті ұсыныстарға құлас аспаған мекемелерге әкімшілік шара қолданылатын болады», – деді Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров