Қаланың тірлігі шаршатқан халықты алдағы демалыс күндеріне қызықты шаралар күтеді. Киіз үй мерекесі, сыбызғы концерті жоспарланған. Одан бөлек, кәріс ұлтының мәдениетімен танысу мүмкіндігі жасалмақ.
Алматының Арбаты нағыз этноауылға айналмақ. Қалада екінші рет «Киіз үй мерекесі» атап өтіледі. Ерекше шара екі күнге жалғасады. Ұлттық дәстүр әдет-ғұрыпты жаңғыртуды көздеген шара ертең бастау алмақ. Оның аясында алматылықтар киіз үй тігу барысымен танысып, оны орнатудың тәртібі мен ерекшеліктерін үйрене алады.
Шара көркін Орталық Азиядан жиылған шеберлер, зергерлер мен тігіншілер аша түспек.Оған қоса, алматылықтар киіз басудың әдіс-тәсіліне қаныға алады. Сондай-ақ арқан тартыс, тоғызқұмалақ сынды қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, көңілді серпілте түспек.
Ал Студенттер сарайында корей мәдениетінің фестивалі өтпек. Өнерпаздар екі мың жылдық тарихы бар таңсамалы елінің салт-дәстүрі мен өнерін танытады. Ұлттық аспаптар салтанат құрған концертте дәстүрлі музыка әуелеп, халық әндері тамылжыта шырқалмақ. Мың бұралған бишілер көне және замануи би қимылдарымен кеш көркін аша түспек. Тамыры тереңде жатқан салт-санадан сыр шертер театрландырылған қойылымдар ұсынылады.
Классикалық әнді жаны сүйетіндер үшін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында сыбызғы концертінің кеші ұйымдастырылмақ. Кешкі сағат алтыда басталатын концертте ұлы композиторлардың атақты шығармалары орындалады. Өнерсүйер қауым назарына әлемдік музыка тарихында сүбелі үлесі мол әрбір туындының өзіне тән әуен ырғағы бар, орындалуы да ерекше.
19 мамырда «Алаш» спорт кешенінде түрлі тұқым иттерінің көрмесі өтпек. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың тазысынан бастап, Сібір хаскиі, лабрадор, ретривер, неміс овчаркасы және тағы да басқа асыл тұқымды иттерді көре алады. Футбол жанкүйерлері үшін де Орталық стадионда ерекше ойын өтеді. Алматылық Қайрат пен Қарағандының «Шахтер» командалары сайысады. Демалыс күніне жоспарланған мәдени шаралар топтамасы осы. Демалыстарыңыз мәнді, әрі сәтті өтсін.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы