Алматының Әуезов ауданындағы ықшамаудан тұрғындары шенеуніктермен жер үшін таласуда

29.06.2017 15:49

Ұлтарақтай жер үшін талас. Алматының Әуезов ауданындағы ықшамаудан тұрғындары үйлерінің алдын көгалдандыруға кіріскен шенеуніктерге қарсы. Өйткені, қараша халық ол жерге талай жылдан бері көліктерін қаңтарып келген. Арнамыздың уатсап нөіміріне хабарласқан тұрғындар назын Айдана Мейрамбайқызы біліп келді.

«Ақсай-4» ықшамаудандағы 56-шы үйдің тұрғындары мен жергілікті әкімдік өкілдерін осылай қызылкеңірдек қылып ұрыстырған - ұлтарақтай жер. Атқамінерлер көпқабатты үйдің алдындағы титтей жерді қоршауға алып, көгалдандыруға кіріскен. Бұған тұрғындар түбегейлі қарсы. Өйткені, 80-ге жуық пәтердің көліктерін қоятын жалғыз орын осы екен. Алайда, бәз-біреулер мұндағы жұрт көкті таптап, бордюрлерді бүлдірді деп шағымданғасын маңайды сақшылар күн сайын торуға кіріскен. 

«Осы үйде менің балам тұрады. Қонаққа келеміз, қонақтар келеді үйіне. Келіп осы жерге бір машинасын қойса арт жағынан участковый келіп номерін шешіп алуға келеді. Шешіп те алды менің баламның номерін. Бұрын-соңды тұрған машина. Осы майдан бері қарай осындай шығып жатыр машина тұрса участковыйлар келеді штраф салуға»,- деді Қала тұрғыны, Қаламқас ТАСҚАРАЕВА.

«Есіктің алдынан басқа жаққа, үйдің арт жағына қоятын болсаң машинаны шағып кетті өткенде. Ішін тонап кетті»,- деді Қала тұрғыны, Меруерт ЖАМБЫЛОВА.

Мамыр айынан бастап полицейлер маза бермегесін тұрғындар әкімдіктен мән-жайды біліпті. Сөйтсе, есік алдын автотұраққа айналдырып, бордюрлерді бүлдірген халықтың үстінен шағым түскен. Алайда, қараша халық талай жылдан бері көліктерін қаңтарған орынды шенділердің енді көріп қалғанына қапаланды.

«Біздің үйдің барлығы дерлік есік алдынан тұрақ жасау үшін дауыс берді. Тек 2 тұрғын қарсылық танытып, көгалдандыруды қолдады. Бұдан кереметтей өзгеріс болады деп ойламаймын. Осыдан үш жыл бұрын мына жердің жартысын қоршаған болатын. Бірақ, содан жайқалып өскен көк шөп жоқ. Ешкім, суармайды. Өткен-кеткен қоқыс лақтырады. Енді біздің көлік қойған титтей жерімізді тартып алмақшы. Біз сонда қайтпекпіз»,- деді Қала тұрғыны, Александр РУСАКОВИЧ.

Көліктерін қаңтаратынын бос орын таппай, бастары қатқан тұрғындарға әкімдіктегілер үй алдын қоршауға алатынын кесіп айтты. Әрі, үй артындағы ұлтарақтай жерден өз қолдарымен тұрақ жасап алуға кеңес берді.

Жауаптылар меңзеген жерге көлігіміз сыймайды деп қызылкеңірдек болды мұндағы жұрт. Айтуларынша 80-ге жуық пәтері бар үйде 20-дан аса темір тұлпар бар көрінеді.

«Өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой, есіктің алдындағы бордюрлердің барлығын сындырып кетті. Көк шөп пен ағашқа зиян келтіріп жатыр. Сондықтан, үйдің алдын қоршауға аламыз. Көгалдандыру жұмысын жүргізіп, гүлдер отырғызамыз. Ал, тұрақ үшін үйдің артында бос жер бар. Тек тұрғындар ондағы бордюрді алып, көліктерін қойғанға келіспей отыр»,- деді Әуезов ауданы әкімдігінің экология бөлімінің басшысы, Ғалия ТӨЛЕГЕНОВА.

Үй артына көлігін қоюдан бас тартқандарға әкімдік өкілдері ақылы тұраққа жол сілтеді. Ақыры ұзақ сөз таластырған қос тарап бірін-бірі түсінісе алмады. Соған қарағанда, ұлтарақтай жер үшін туған дау-дамай жыры мұнымеен бітпейтін сыңайлы.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы