Алматының ауасын ластап келген кәсіпорындар 78 млн теңге айыппұл төледі

02.04.2018 16:15

Алматы - лас қалалардың қатарынан емес. Экологтар бұл түсініктің жаңсақ екендігін жеткізді. Мұндай ақпараттарды жоққа шығарып шаршаған сала мамандары оның қайдан шығатынын білмей дал. Айтуларынша, ауаның ластану деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда едәуір төмендеген.

Қаланың бас экологы кей ақпарат құралдарының Алматыға неліктен «лас қала» деген атау бергенін түсінбейді екен. Ал ресми дерек басқаша. Атмосфераға бөлінетін зиянды заттар едәуір төмендеген. Бірақ бұл сала бақылауды қажет етеді. 2 жыл көлемінде мамандар жүзден астам тексеріс ұйымдастырыпты. Салдарынан ауаны ластап келген кәсіпорындар мемлекетке 78 миллион теңге айыппұл төлеген. 

«Тексеріс барысында ауаны шамадан тыс ластап келген кәсіпорындар анықталды, яғни 13 дерек тіркелді. Сонымен қатар, 45 өндіріс орны қоршаған ортада жұмыс істеу рұқсатын алмаған. Нәтижесінде оларға айыппұл салынып, шығын көлемін өтеу міндеттелді», - деді  Алматы қаласы Экология департаментінің басшысы Орман АҚҚОЗИЕВ.

Еліміздегі  ауа райының болжамын жасайтын басты мекеме мамандарының сөзінше, қолайсыз ауа райы салдарынан ақпан айында ауа көп ластаныпты.

«Қаңтар айында күннің суық болуы салдарынан ауа ластануының көрсеткіші жақсы болды. Ал ақпанда күннің күрт жылынуы есебінен белгіленген межеден асып түсті. Наурыз айында мұндай теріс көрсеткіштер байқалмайды», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының химиялық-сараптамалық талдау бөлімінің басшысы Ләйлә ӘДІЛОВА.

Ауаны ластайтын өндіріс орындарын көгілдір отынға алмастыру мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Оған дәлел Алматыдағы 1-ші жылу электр станциясы. Бұл кәсіпорын 2016 жылдан бері газбен жұмыс істеп келеді.

«2016 жылы әкімдік пен Энергетика министрлігі меморандум, шешім арқасында ЖЭС-1 тек газбен жұмыс істейтін болды», - деді Алматы қаласы ЖЭС-1 басқарушы директоры Ғалым ЖАҢБЫРШЫ.

Жоспардан тыс тексеру одан әрі жалғасын таппақ. Экологтардың айтуынша, ол тұрғындардың жасаған шағымы есебінен жүргізіледі. Ауаның тазалығын ғана емес, судың және топырақтың да құрамын қалт жібермейміз деп отыр.


Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы