Алматының бас жоспарын әзірлеген сәулетші Евгений Васякин дүниеден озды

28.09.2017 23:11

Алматының бас жоспарын әзірлеген атақты сәулетші Евгений Васякин дүниеден озды. Марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Архитектор 80 жылдық мерейтойына тура екі күн қалғанда көз жұмыпты. Евгений Васякин 1962 жылы Новосібір институтын «Сәулетші» мамандығы бойынша бітірген. Ол 50 жыл бойы «Қала құрылыс жобасы» мекемесінде жұмыс істеді. Білдей екі елдің астанасы мен қалалар және ауыл-аймақтарды қалауға ат салысқан. Онымен қоса, Алматы мен Атырау қаласындағы аудандардың құруға септескен.


«Евгений Васякин десе бірден Алматының бас жоспары көз алдыма келеді. Ол қаланы барынша жайлы әрі әдемі ету үшін барын салды. Біраз жүзеге аспай қалған мақсаттары да бар еді. Негізі бүкіл шығармашылығы мен жобалары дәл осы Алматымен байланысты», - деді сәулетші Юлий АЙБАСОВ.

 

¤Марқұм қаладағы үй салу мен орталық аудандарды құру бойынша 15 рет халықаралық байқауға қатысыпты. Ол барлық жарыстан мадақсыз қайтпаған екен. Оның ішінде 7 рет жоғары дәрежедегі дипломдарға қол жеткізген.  Сәулетшінің ең ірі жобасы - Алматының 2040 жылға жоспарлаған жол көлік қозғалысы мен қала жоспары. Ол 2009 жылы әзірленіпті. Евгений Васякиннің жұмысы қатарында халыққа қол жетімді баспананың жобалары да бар. Ал әріптестері оның жұмыстан бөлек керемет жан болғанын айтады. 


«Ол көз жұмар алдында көп қабатты үйлерді салу жоспарын дайындады. Негізі жақсы ойластырылған жоба болатын. Инфрақұрылым, логистика жағынан да өте ұтымды қарастырылған еді. Оны Қазақстан бағдарлама ретінде қабылдаса тұрғындар жаппай баспаналы болады. Көптеген ойлары бар еді. Жасы 80-ге таяса да сергек жүретін», - деді сәулетші Сергей МАРТЕМЬЯНОВ.