Алматының ең үздік аула сыпырушысы анықталады

30.05.2018 15:46

Алматының ең үздік аула сыпырушысы анықталады. Қаланың тазалығына жауаптылардың арасындағы байқау осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Үміткерлерден өтініш маусым айының аяғына дейін қабылданады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 650 мың теңге.

Алматыда 4 мыңнан аса аула сыпырушы қызмет етеді. Ауланың келбетін көркейтушілер арасындағы байқауда жыл сайын  200-ге жуығы бақ сынайды. Осымен 6-шы рет ұйымдастырылып отырған сайысқа қатысамын деушілер өтінішін маусым айының аяғына дейін тапсыруы тиіс.

«Бірінші турда тұрғындар өзара дауыс береді. Соның ішінде көп дауыс жинаған 30 аула сыпырушы ақтық мәреге жолдама алады. Ал кейіннен арнайы құрылған комиссия аулаларды аралап, бағаларын береді. Соның ішінде үздік бестік анықталады»,-деді «Нағыз Алматыша» қоғамдық қорының құрылтайшысы  Татьяна МАТЛАХОВА.

Орынбай Жанжігітов сыпырғыны серік еткеніне 3 жылдан асқан. Ауланың тазалығын жан тазалығындай көретін қария өткен жылғы сайыста  3 орынды иеленді. Биыл тағы да бақ сынап көрмек. 

«Істеп жатқаныма өзім де қуаныштымын үйде отырғаннан көрі. Сәлде болса уақыт өтеді. Әрі денсаулығыма пайдалы. Таза ауада. Тұрғындар да рахметін айтып жатыр. Ешқайсысы маған қарсылық танытпайды. Қыстың күні ерте тұрып қарды күреймін, ешкім тұрмай жатып, басып кетсе қиын болады маған»,-деді «Ең үздік аула сыпырушы-2017» байқауының ІІІ орын иегері Орынбай ЖАНЖІГІТОВ.  

Биыл байқаудың жүлде қоры 650 мың теңгені құрап отыр. Аталған қаражатты 5 қатысушы өзара бөліседі. Яғни жеңімпаз 200 мың теңгені иеленсе, екінші орын иесіне 150 мың теңге табысталады. Ал қалған сомма 3 азаматқа берілетін болады.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы



Теги: жүлде