Алматының Медеу ауданында 2 бөбекжай ашылды

27.10.2016 19:26

Алматы қаласының Медеу ауданында балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің саны 23 пайызға кеміді. Кәсіпкерлердің қолдауымен бүгін кезекті 2 бөбекжай есігін айқара ашты. Оның бірі 60 баланы орынмен қамтамасыз етсе, екіншісі 40 бүлдіршінге арналған. Осылайша әл-ауқаты артқан Медеу ауданы, қала бойынша алғаш болып іскерлердің қолдауымен биыл 20 балабақша ашты. 

Медеу ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ашылған, аумағы 900 шаршы метрді құрайтын бұл балабақша 60 бүлдіршінге арналған. Жеке кәсіпкер бөбекжайды ашу үшін 242 млн теңге өз қаржысын құйып, 20 жаңа жұмыс орнын ашыпты. Көп қабатты тұрғын үйлер арасынан ашылған бақшаға сұраныста өте жоғары. Мұнда қазірдің өзінде 3 топ жасақталған. Су жаңа бөбекжайға келуші бүлдіршіндер уақыттарын қызықты өткізетіндіктерін баяндады. 

Балаларға шет елден оқып келген тәлімгерлер дәріс береді. Бір бала үшін айлық төлем 100 мың теңгеден басталады. Есесіне, ата-аналар бүлдіршіндері үшін алаңдамай, олардың әрбір іс-қимылын, орнатылған бақылау жүйесі арқылы ғаламтордан қадағалай алады. Әзірге тек орыс тілінде жұмыс жасайтын балабақша, алдағы уақытта қазақ тобында құрмақ. 

"Біз Ресейдің «Бэби клуб» франшизасы бойынша жұмыс істейміз. Балаларды тәрбиелейтін мамандарымыз Ресейден оқып келген. Бірақ, сабақтарды Қазақстанның оқу бағдарламасына лайықтадық. Бір маманды жұмысқа қабылдау үшін 3 сатылы іріктеуден өткізіп, 100 үміткердің ішінен біреуін таңдадық",- деді Балабақша меңгерушісі, Әсия УСКИМБАЕВА. 

Кәсіпкерлер қаржысына ашылған екінші балабақша 40 балаға арналған. 574 шаршы метр аумақты құрайтын зәулім коттеджді жалға алып, бөбекжайға айналдырған кәсіпкер 8 млн теңге инвестиция салыпты. Бабалақшаға әр ата-ана ай сайын 75 мың теңге жұмсайды. Аудан басшысы өз кезегінде бұл бөбекжайға «Балапан» бағдарламасымен қолдау көрсететінін жеткізді. Балғындардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін орталықта әртүрлі үйірмелер бар. 

"Мен бақшаны ашқан кезде балалардың қызықты іспен айналысқанын қаладым. Олар тек мектепке дейінгі даярлықтан өтпей, хореография, балет және ән сабақтарынан дәріс алып, таэквондоға қатысса дедім. Сондықтан, осы бағыттарда оқу үйретуді бастадық. Жалпы сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді, сондай-ақ балаларға ағылшын тілін де үйретудеміз",- деді Балабақша меңгерушісі, Рано БАҚТИЯРОВА. 

Биыл Медеу ауданында мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 1 мектеп пен 2 балабақша салынды. Ал, кәсіпкерлердің қолдауымен коттедждерден 20 жекеменшік балабақша ашылыпты. Осылайша, аталмыш аудан мектепке дейінгі оқыту мекемелерін ашуды жоспарлы түрде орындауда алдына жан салмай, қалада көш бастап тұр. 

"Бүгінге мына осы 2 балабақшамен қосқанда 20 коттедждерде жекеменшік балабақшалар аштық. 1 млрд 180 млн теңге инвестиция тартылды осы балабақшаны ашу үшін және 1000 балаға дейін біз қамтамасыз еттік және 150 жаңа жұмыс орны ашылды",- деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ. 

Балабақша жетіспеушілігі бүгінде елімізде өткір мәселелердің бірі. Медеу ауданында қазір 2032 бала кезекте тұр. Сондықтан, ауданның атқамінерлері балабақша тапшылығын жою мақстандағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, жыл соңына дейін тағы жоспардан тыс 3 жекеменшік бөбекжай ашпақ ниетте. Кәсіпкерлердің қолдауымен бақшалар санын көбейту кезекте тұрған балалар санын 23 пайызға азайтуға септесті. 

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, "Алматы" телеарнасы