Алматыда өткен дәстүрлі альпиниадаға биыл 5000-нан астам адам қатысты. Теңіз деңгейінен 4 мың 376 метр биіктікте орналасқан «Нұрсұлтан шыңын» 200-ден астам адам бағындырды. Осы жылы бұқаралық спорттық шара Астананың 20 жылдығына арналды.
Дәстүрлі альпиниадаға қатысушылар саны жылдағыдай көп. Тіпті, жол бойында ұзын-сонар кезек те пайда болды. Шымбұлақ аспалы жолы демалыс күні тегін қызмет көрсетті. Қатысушылар ең алдымен Медеу-Шымбұлақ-Талғар асуы мен Богданович мұздығын бағындырса, кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы шыңына аяқ іліктірді, ал негізгі нүкте Нұрсұлтан шыңы болды.
«Нұрсұлтан шыңы» 4376 метр биіктікте орналасқан. Оған көтерілу үшін альпинистер таңғы сағат 5-тен бастап жолға аттанды. Альпиниадаға жас пен жасамыс та, кәсіби альпинист пен әуесқой спортшылар да қатысты. Арасында талай жылдан бері үзбей келіп жүргендері де бар.
«Мен тауға 1956 жылдан бері тұрақты түрде шығамын. 81 жастамын, денсаулығымның жақсы болуына осылай альпинизммен шұғылдану әсер етті деп санаймын. Сондықтан барлық азаматтарды салауатты өмір салтын сақтауға шақырамын», – дейді Валентина ЛЕРИКОВА.
«Альпиниада – ол тек бұқаралық спортты насихаттау ғана емес, ол альпинизмді дамыту. Мәселен, мұндай шараға қатысқан 1000 адамнан, кем дегенде 3 адам альпинизмге қызығушылық танытып, үйірмеге келсе, соның өзі жетістік. Біз үшін бастысы, халықты тауға шығуға баулу», – деді альпинист Мақсұт ЖҰМАЕВ.
Жалпы, бұқаралық шараға биыл 5 мыңнан астам азамат тіркелген. Соның ішінде, «Нұрсұлтан шыңын» 200-ден астам спортшы бағындырды. Қауіпсіздік жағына баса мән берілген. Тауға шығу бағыты бойында Төтенше жағдайлар комитетінің кезекші-құтқарушылары, апат медицинасы орталығының шатырлы пункттері жұмыс істеді. Одан бөлек, арнайы тікұшақтар да қарастырылды.
«Бұл іс-шара деген 1995 жылы Комсомол шыңы деп аталатын болатын. 1998 жылы «Нұрсұлтан шыңы» деген атқа ие болды. сол 1995 жылдан бері өтіп келе жатыр. Алдыңғы жылы шыңның жоғарғы жеріне дейін жеткендер саны 293 болды», – деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің бас маманы Асхат МАҚСҰТОВ.
Биылғы альпиниада Астананың 20 жылдығына арналды. Осы жылдан бастап Физкультурник шыңы Қазақстан Халқы Ассамблеясы шыңы деп өзгертілді. Ол теңіз деңгейінен 4068 метр биіктікте орналасқан.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы