Алматы жайлы 100 дерек. Қаладағы басы біріктірілген 38 жоғарғы оқу орнының «Cтуденттер альянсы» мен мектеп оқушылары тың бастаманы қолға алды. Бұл жобаға өлкетанушылар мен этнографтар, тарихшылар да қызығушылық танытып отыр. Мың бір жылдық тарихы бар Алматының өмірінен сыр шертетін, оның үстіне көпке беймәлім деректерді іздеу жыл соңына дейін жалғасады. Ал қызықты деректің саны жүзге жеткенде жинақ басылып шығады, дейді ұйымдастырушылар. Жобаға Алматыдағы мұрағат қорлары, кітапхана мен мұражайлар да көмектеседі. Жинаққа қызықты деректер «Мен тұратын көшенің тарихы», «Ғимараттар сыр шертеді» немесе «Менің бабамның даңқты жолы» деген тақырыпшалар да топтастырылуы мүмкін.
«Бұл жобаның басты мақсаты - осы студенттердің, оқушылардың, ғалымдардың әлеуетін біріктіре отырып, өзіміздің сүйікті қаламыз - Алматының тарихына қатысты белгісіз ақпараттарды іздеу, табу, жариялау, қалың көпшілікке насихаттауды мақсат қойып отырмыз. Оны өздеріңіз білесіздер, рухани жаңғыру дегеніміз жалпы өзіміздің өткенімізді білу, тарихыңды қадірлеу», - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл САҒАТОВА.