Отандық кинологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты

Отандық кинологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық кинологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Алматыдағы кірістер департаментіне қарасты кинология орталығында АҚШ-тан келген нұсқаушылар есірткіден бөлек, Қызыл кітапқа енген жануарларды табудың оңтайлы әдісін үйретті. Енді кинолог мамандар бөкен, дала тасбақасы мен сұңқарды заңсыз жолмен алып өтпек болғандардың жолын кеседі. Әскери қалашыққа барып, иттердің дайындығын әріптесім Жадыра Омаржан көріп келді. Қазір қызметтік төбеттер жайлы көрген білгені мен қызықтарымен бөлісуге дайын. Жадыра, иісшіл иттердің әрекет қалай екен? Оларды қалай үйретеді?

Бұл кинолог маман Абай Қадыровтың жаңадан қолға үйретілген қызметтік иті. Лақап аты - Церий. Тұқымы қасқыр тектес иттің арғы атасы Бельгиялық болғанымен, ол осы Алматыдағы кинологиялық орталықта туған. Нағыз бабындағы төбет күніне 2 уақыт жаттығады. 3 айлық оқытудан өткен ол қызметке тартылуға сақадай дайын. Ол енді Жамбыл облысындағы бекетке аттанады. Абай Қадыровтың айтуынша, ол  5 түрлі иісті анық ажырата алады. Оның қатарына қазір браконьерлер қырғидай тиетін бөкен, дала тасбақасы мен сұңқарды да қосқан. Өйткені, олар Шығыс Азия медицинасында дәрілік заттар жасауда кең сұранысқа ие көрінеді.

«Осы үш айға келгенде бекітілді ол ит. Оны алып үйреттік. 3 ай бойы. 3 ай болғанда бөлінеді өзі. Бірінші айда оны жалпы жаттықтыруға үйретеміз. Екінші айда жаңағы иіске қоямыз. Бөкендердің мүйізінің исіне, тасбақаның исіне. Есірткі құралдарының исіне. Сұңқардың исіне қойдық. Үшінші кезеңде оның бәрін іске асырдық»,- деді Жамбыл облысы бойынша МКД салық және кеден салығындағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасының жетекші маманы, Абай ҚАДЫРОВ.

Абай Қадыров кинология саласында жұмыс істегеніне 9 жылға жуықтапты. Қызмет бабында 10 шақты итпен жұмыс істеген. Алғаш рет Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қордай бекетінде қызмет етіпті. Осыған дейін Лора атты қызметтік иті оған 25-ке жуық қылмыстық деректі ашуға септескен. Нәтижесінде, жалпы 20 келіге жуық есірткіні тәркілепті. Кинология курсын оқытуға арнайы Алматыға АҚШ-тан әріптестері Марк Рисполи мен Джейсон Керр келген. Олар жаңа әдісті үйретіпті.

Дәл қазір біз мынау құтыдағы ақбөкеннің мүйізінің исі сіңірілген кішігірім ғана мақтаны қабырғаға жасырып қоямыз. Ал біздің 3 жасар итіміз табуы тиіс болады. Итке табуы қиынырақ болуы үшін мынандай бір кішігірім бөлікке жасыруды жөн деп шештік.

Шынымен, қызметтік ит 15 секундқа жетпейтін уақытқа көлемі кішкентай мақтаны тауып үлгерді. Шетелдік әріптестердің көмегінің арқасында отандық кинологтар нәтижесін жақсартқан. Биыл олар басты назарды есірткіден бөлек, қызыл кітапқа еніп, жоғалып бара жатқан жануарларды қорғауға бағыттап отыр.

«Біз іздеуді қиындатып, иттердің заттарды тезірек табуы үшін осындай әдісті қолданамыз. Нәтижесі жақсы. Мәселен, кішігірім қағаздарды бөкендердің мүйізінің исіне сіңдірдік. Оны жаттығу қабырғасына жақсылап жасырдық. Осылайша, біз иттерді контрабандалық жолмен тасымалданатын тауарларды, жануарларды уақыт жоғалтпастан кез келген жерден тауып аламыз»,- деді Нұсқаушы, кинологиялық орталықтың иесі (АҚШ), Марк РИСПОЛИ.

Оқудан өткен иттер кедендік бекетте 2 жылдың ішінде заңсыз есірткі, валюта мен бөкеннің мүйізін алып өтпек болған 10 деректің жолы кесіпті. Кинологтарды қызметтік итпен қамтамасыз ету үшін осы орталықта асыл тұқымды күшіктерді өсіреді. Ал осы уақытқа дейін мұнда Германия, Франция мен АҚШ-тан 27-ден астам ит әкелінген.

«Иттерді оқыту курсына бұл жолы шетелдік инструкторларды тарттық. Өйткені, олардың іздестіру тәсілі нәтижелі екенін байқатты. Бір жағы АҚШ-тан келген нұсақаушылар Орталық Азиядан бөлек, Ауғанстанға да қызметтік иттерді үйреткен. Әдістері кішкене біздікінен бөлек. Бірақ бастапқы дайындау жағы бірдей. Керекті тұстарын ойға түйдік. Тәжірибеге қостық»,- деді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің кинологиялық орталық жетекшісі, Рысбек СМАҚОВ.

Кірістер департаментіне қарасты кинологиялық орталықта 46 қызметтік ит бар. Кинологтар оның бәрін алтынға балайды. Өйткені, иттің иіс сезгіштігі кез келген заманауи техниканы шаң қаптырып кете алады.  

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров