Алматылықтар баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларға белсене қатысуда

14.08.2018 23:21

Алматыда жыл соңына дейін 1 мың 500 отбасы баспаналы болады. Бұл тұрғыда «Нұрлы жер» және «Алматы жастары» секілді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал алматылықтар «7-20-25» бағдарламасына белсене қатысып жатыр.

Бүгінде қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 22 мыңнан асады. Олар кезек қарқынын е-gov.kz порталы арқылы бақылап отыр. Тіпті, қайта тіркелу де электронды түрде жасалады. Яғни, жеңілдікке ие азаматтарға ол үшін Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына барудың қажеті жоқ.

«Құжатты Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып немесе е-gov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Егер қайта тіркелмесеңіз біз оны өзіміз іске асырамыз. 2017 жылдан бері өткізіп жүрміз. Былтыр 2700 азаматты кезектен шығардық. Яғни, бұл кезекке тұрып қайта тіркелмеген азматтар», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.

Саялы ықшамауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа пәтерлер беріледі. Мұнда мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері, көпбалалы және толық емес отбасылар қоныстанбақ. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша қала әкімдігі биыл 2 миллиард теңге бөлген болатын.  

«Бұл әсіресе, жас отбасылар үшін өте қолайлы бағдарлама. Мәселен, Әуезов ауданында 120 мың теңгеге пәтер жалдап тұрған отбасы болды. Ал біздегі бірінші пул бойынша 10 миллион теңгеге баспана алды. Олар бастапқы 6 жылда алдын ала қарыз бойынша 94 мың теңге төлейді. Кейіннен тұрғын үй қарызына көшкен соң 11 жыл бойы 46 мың теңгеден төлейді», – деді «Қазақстанның ТҚЖБ» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша жуырда 1 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Осы уақытқа дейін 10 миллиард теңге мақұлданған. Соның 4 миллиард қаржысы алматылықтардың баспана мәселесін шешуге жұмсалмақ. Ал жыл аяғына дейін өтінім қаржысы тағы екі есе артпақ.

«Алматы қаласында 12 миллион теңгеге бір пәтер алатын болса, біздің несие алушымыз оның екі миллионын алғашқы жарна ретінде төлейді. 10 миллион теңгені біз 25 жылға береміз. Сонда оның ай сайынғы төлемі 71 мың теңге болады», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат АЛТЫНБЕКОВ.

Тамыз айының аяғында қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында операциялық зал ашылмақ. Онда азаматтар кеңесшілердің көмегін ала алады.



Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы