Елімізде аяздан ажал құшқандар бар. Ақмола облысында бірден 4 адам ауа райының қолайсыздығынан көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша олар ащы суға сылқия тойып, далада үсіп қалған. Ал, синоптиктер алдағы күндері аяз тіпті қатаяды деп отыр. Қай өңірде табиғаттың тосын мінезі күтіп тұр.
Карск теңізінен ығысқан суық антициклонның әсерінен алдағы күндері елімізде ауа райы 35-40 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр. Еліміздің бас энергетигі Қанат Бозымбаев «өңірлердегі барлық жылыту электрорталықтары дайын, аяздарға төтеп береді, тек Теміртаудағы мекеме жұмысында қауіп бар», - деді.
«Біз менің орынбасарым Жақсалиев басшылық ететін арнайы штаб құрып, барлық аймақтармен отырыс өткіздік. Арктикалық циклонның аумағында қалатын Солтүстік және Шығыс Қазақстанда күн райы 35 градустан төмендейді. Барлық қызмет мамандары мен жылытатын жанармай көздері жеткілікті. Бүгінгі күнге дейін айтарлықтай апат тіркелген жоқ. Әзірге тек Теміртаудағы жылыту жағдайы алаңдатады. Ондағы жылыту орталығындағы алты блогының екеуі жөндеуде болғасын, тұрғындар жаурағандығын айтты. Дәл бүгін олардың біреу қайта іске қосылады. Сәйкесінше, жағдай реттеледі», - деді ҚР энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Аяз басталған бойдан Ақмола облысында 4 адам үсіп, көз жұмған. Тексеріс барысында олардың ішімдік ішкені анықталды.
«Қазақстанның басым өңірінде антициклонның әсерінен Шығыс, Орталық және Солтүстік өңірлерде 40-45 аязға дейін ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Осы антициклонның әсерінен Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік өңірлерде ауа темпертурасының 28-33 градусқа дейін төмендеуі күтіледі», - деді «Қазгидромет» РМК синоптик-инженері Айдана АБЫҚАН.
Сарышұнақ аяз күтілгендіктен 7 өңірде дизельмен қатынайтын қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылды. Қазір онда ескертпеге қарамай, жолға шығып кеткендерді құтқару үшін жедел көмек мамандары күндіз-түні бақылау жұмыстарын жүргізуде. Ал, Астанаға жақын орналасқан елді мекендерге қатынас тоқтаған. Тіпті, қала әкімі жылу таратушыларға жағдайды 24 сағат бойы бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл ретте қаладағы қуат көздерін беретін қызметте жіті назарда. Өйткені, үйлерін тоқ күші арқылы пешпен жылытатындар көп.
«22 мен 26 қаңтар аралығында ауа райының суытуына байланысты «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» желідегі жұмыстың күшейтілген режиміне көшті. Біз қалыпты күндері 3 диспетчер мен 8 жедел-көмек топтарын жұмысқа тартамыз. Ал, қазірге кезде Есіл, Алматы, Сарыарқа аудандарында 2 жұмыс тобы қызмет етуде. Біз әр үйдің мәселесін қарап, керек болған жағдайда, дереу көмекке шығуға дайынбыз», - деді «Астана-АЭК» АҚ өндіріс басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сеил МЕНКИН.
Қазақстанның кейбір өңірінде 1-ші мен 11-ші сынып тағы колледждердің 1 және 2 курсындағылар үшін сабақ тоқтатылды. Мамандар, ата-аналарға балалардың «оқимыз деп», шатасып қақаған аяз бен боранда далаға шығып кетпеуін қадағалауды сұрайды.