Ресей
Ресей думасы Құрама штаттарға қарсы санкция заң жобасынан импорттық дәрілерге тыйым салу туралы бапты алып тастамақ. Депутаттар бұл мәселені бүгін қарайды. Алайда, саясаттанушылар мұны тек ұсыныс деп санайды. Ал соңғы сөз Президентте екенін алға тартуда. Бұған дейін америкалық препараттарды ресейлік аналогтарымен алмастыру ұсынылған болатын.
«Дәрілердің қолжетімділігі әркез бола бермейді. Ел азаматтарының еті үйреніп кеткен немесе оларға тек ерек препараттар жағады», -деді РФ Госдумасы денсаулықты сақтау комитетінің мүшесі Алексей КУРИННЫЙ.
Көрші мемлекеттегі әр оныншы дәрілік заттар Америкада өндіріледі. Оның ішінде генетикалық, онкология, эпилепсия және АИТВ ауруларын емдеуге қажетті препараттар. Сарапшыладың ендігі қорқып отырғаны, дәрілерге қарсы санкция әсерінен Ресейдің ғылыми кадрлары азаюы мүмкін екен. Айта кетейік, санкциялық заң жобасына Америка құрама штаттарымен атом, авиация және ғарыш өнеркәсібінде серіктес болудан бас тарту мәселесі де қарастырылған.
Жапония
Ал Жапония Солтүстік Кореяның ядролық қаруға арналған полигонды жабу шешімін қолдап отыр. Ресми Пхеньян 23-25 мамырда сынақ алаңдарына демонтаж жүргізу туралы хабарлаған болатын. Бұл 12 маусымда Сингапура өтетін саммиттен бұрын орын алмақ. Ол жиынға Ким Чен Ын мен Дональд Трамп қатысады.
«Біз бұл шешімді қолдаймыз және жақында Кәріс мемлекеттерінің саммиті жолында жасалған оң қадам деп есептейміз. АҚШ пен Корей Халық демократиялық республикасының саммиті қарсаңында корейлік қырып-жою қаруын тоқтату туралы нақты шешімдер қабылданады деген ойдамыз», - деді Жапония министрлер кабинетінің сарапшысы Ёсихидэ СУГА.
Алайда, ресми Пхеньян Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея мемлекеттерін полигонның жабылу шарасына шақырмапты.
Аргентина
Аргентинаның Орталық банкі болса, елдің валюта нарығына интервенция жасады. Ол үшін 1 миллиард 100 миллион долларды сатқан. Сондай-ақ әлемде ең жоғары саналатын инфляция деңгейін ұстап тұру үшін пайыздық мөлшерлемені де көтерген. Дегенмен, қабылданған шаралар еш нәтиже берер емес. Өткен аптада доллар бағамы 23,25 песоға бір-ақ түсті.
Бермуд аралдары
Бермуд аралы маңында британдық ғалымдар жаңа теңіз жануарлары мен өсімдіктерін анықтады. Атлант мұхитының солтүстік-батысында анықталған олардың саны жүзге жуық.
«Біз қолжетімді тереңдіктегі организмдерді зерттедік. Менің ойымша бұл зерттеулер айсбергтің жоғарғы жағында ғана жүргізілген. Мұхитта жаңа теңіз организмдерін табуға болатын орындар өте көп. Бұл ондағы тіршіліктің әртүрлі екенін дәлелдейді», - деді Теңіз институты директорының орынбасары Ник ХИГГС.
Ғалымдардың пайымынша, теңізде тіршілік ететіндердің болашағын қорғау үшін терең аймақтарға зерттеу жүргізілу керек. Енді олар Сейшель, Андаман және Мальдив аралдары маңындағы теңіз асты өмірін зерттеуді жоспарлап отыр.
Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы