Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтеді. Спорттық дода тамыздың 19-ы мен 26-сы аралығында Almaty Arena және Halyk Arena кешендерінде ұйымдастырылады.
Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты саналатын 17 ерлер және әйелдер командасы қатысады. Олардың арасында Канада, Германия, Франция, Аргентина және басқа да елдердің спортшылары бар. Жарыс басталмай жатып Аргентина құрамасы сайыстан шет қала жаздады деді ұйымдастырушылар. Команда жарысқа келу үшін келіскен туристік агенттік олардың ақшасын алып тайып тұрған.
«Өкінішке қарай, екі апта бұрын Аргентина командасын әлдебір турагенттік алдап кеткен. Сондықтан Аргентина құрама командасы біздің ұйымдастырушы комитетке және ФИСУ-ға өтініш жасап көмек сұрады. Қазақстан тарабы жақсы жеңілдік жасады, ФИСУ де жарнадан босатты, қазіргі таңда Аргентина барлық қаражатты тауып, осы чемпионатқа келетін болды, соған өте қуаныштымыз», – деді Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир ШЫНЫБЕКОВ.
Ерлер сайысында Қазақстан «В» тобында өнер көрсетеді. Қыздар да осы топта сайысады. Бозбалалардың топтық турнирдегі қарсыластары – Чехия, Беларусь және Жаңа Зеландия құрамалары. Ал біздің бұрымды сұлулаларымыз Португалия, Франция және Жаңа Зеландия ойыншыларымен сайысады.
«Ең бастысы – бірінші кезеңнен өту. Басты қарсыласымыз чехтар болады деп ойлаймын. Ары қарай көре жатармыз. Негізі, фавориттарге Ресей, Португалиямен қатар, Қазақстанды да қосуға болады», – деді футзалдан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Біржан ОРАЗОВ.