Алматыда жүргіншілер жолын жаңарту қарқын алмақ. Жалпы қалада 34 көше тораптары түрленеді. Биыл Абай, Назарбаев және Абылайхан даңғылдарында құрылыс жұмысы басталмақ. Әлемдік талаптарға сай, жаяу жүретін адамдарға арнап, тиісті жағдай жасалады. Көшелерді өзгертуде өткен жылы келбеті өзгерген Панфилов көшесі негізге алынады.
Қала көшелерінде жүргіншілер жолына басымдық берілумен қатар, арнайы алаңдар бой көтереді. Атап өткенде, балаларға арналған, спорттық және демалатын орындар салынады. Оған қоса, ғимараттардың сыртқы келбеті өзгертіледі. Яғни, олар бір түске боялады. Сауда орындарындағы тақтайшалар ауыстырылады.
Жүргіншілерге басымдық беретін өзгеріс алдымен Абай даңғылында жүреді. Онда жаяу жүріп те, велосипед мінетіндерге де жағдай жасалмақ. Оған қоса, қазіргі жүргіншілер жолындағы асфальттың орнына табиғи тастар төселеді. Жолдарды жаңаша түрлендіру жұмыстары Назарбаев даңғылы, Төле би көшесі және Абылайхан даңғылдарында да орын алады.
«Тарихи орталық болса, оның өзінің спецификасы болады. Онда қандай ғимараттар бар? Архитектурасы қандай? Соған қатысты да өзінің дизайны құрылады. Ол ою-өрнек болса да, мысалы бір тенденцияға қатысты нәрсе ма оның барлығы жоба кезінде ескеріледі. Бірақ ол әр түрлі болады. Себебі бүкіл қала бірдей бола алмайды», - деді Урбанистика орталығының бас сәулетші-урбанисті Ерқанат ЗАИТОВ.
Жобаны урбанистика орталығы мен қала әкімдігі бірлесіп әзірлеп жатыр. Бастысы, оны даярлағанда халықтың пікірімен санасады. Мамандар қазір қызу зерттеу жұмысына кірісіп кеткен. Ал былтырғы жасалған құрылыс жұмыстарына көптің берген бағасы оң.
«Көліктерге арналған жол қалады. Тұрақ жүйесі ретке келтіріледі. Қазір жүргіншілер жолының аумағы 1 жарым метр болса, оны 3-тен бастап 8 метрге дейін ұлғайтамыз. Жалпы тарихи 18 көше таңдап алынды. Қалғаны өзгертілетін негізгі көшемен қиыласатындар», - деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕТЖАНОВ.
Енді осы айдың аяғында қос тарап ортаға ойын салып, ортақ шешімге келеді. Қоғамдық кеңесте тұрғындар, кәсіпкерлер мен тиісті сала өкілдері бас қосып, жобаның нақты нұсқасын түзбек. Урбанистика орталығының мамандары көшелерде құрылыс жұмыстары жаз шыға басталатынын айтты.
Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы