АрМИ-2018: Жамбыл облысындағы халықаралық сарбаздар сайысы аяқталды

10.08.2018 15:34

Жамбыл облысында шартараптан келген сарбаздар арасындағы сайыс аяқталды. Олар сегіз күн бойы Мәтібұлақ пен Гвардейск полигонында бақ сынады. Әлемнің он екі мемлекетінен келген командалар артиллериялық оқ ату шебері, радиограмма арқылы хабарлама қабылдау және ұшқышсыз әуе аппараттарын басқару сынды жарыс түрлерінен сынға түскен болатын.

«Отар» 40-шы әскери базасында бүгін жеңімпаздар салатанатты түрде марапатталды. Байрақты бәсекенің жабылу салтанатында әскерилер патриоттық әндер орындап, жиналған қалың көрерменге өнерлерін паш етті.


Сарбаздардың біліктілігін көрсететін сайыста еліміздің жауынгерлері топ жарса, жарыстағы сәтсіздіктерінің себебін Қазақстан тарапы ұсынған техникамен байланыстырған командалар да болды. Алайда өздерінің қаруларымен келген Ресей әскерилері үздік үштікке әрең ілінген.

Айта кетейік, «АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындары қазақ жерінде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы байрақты бәсекеге сайдың тасындай іріктелген 200-ден астам сарбаз қатысты.

Дүбірлі дода Жамбыл облысында тамыздың 1-інен 8-іне дейін жалғасқан болатын. Ынтымақтастық пен бірліктің, мемлекеттер арасындағы достықтың символына айналған әскери ойындар Қазақстаннан бөлек, тағы 6 мемлекетте өтіп жатыр. Еліміздің сарбаздары шетелде де топ жарып, жүлделі орындардан көрінуде.