Әсет Исекешев Астанадағы жаңбыр суын реттейтін кәсіпорын құруды ұсынды

Әсет Исекешев Астанадағы жаңбыр суын реттейтін кәсіпорын құруды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев елордалық әкімдіктің жұмысын әбден сынға алды. Оған себеп табиғаттың көрсеткен тосынсыйы. Өткен тәуліктерде толассыз жауған жауын салдарынан астаналықтардың әбігерге түскені бар еді. Ал қала басшысы Әсет Исекешов осы мәселеге байланысты премьер-министрден көмек сұрады.    

Бүгін Үкімет отырысында қозғалған әңгіменің басы бір сәтте суға толып қалған қаланың мәселесі болды. Сол себепті премьер-министр Астана әкімін сын астына алды. Айтуынша, «қызыл су» Астана үшін бас ауруға айналып барады. Тіпті, қоғамдық көліктердің өзі су арасында қалғанын айтты.

«Мәселе Астана қаласының барлық көшелерінде емес, бірқатар көшелерде жылдан жылға қалыптасқан жағдайда болып отыр. Басқа көшелердің барлығы тура сондай судың астында қалып жатқан жоқ. Бауыржан Момышұлы даңғылында автобус судың астына кетіп жатыр. Ішіне дейін су кіріп кеткен. Сондықтан бірінші кезекте сондай қиын көшелерде алдын алу жұмыстарын атқарып, тазалап қою қажет. Жұршылықтың, қала тұрғындарының да айтып отырған мәселесі осы», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сағынтаевтың сынынан кейін Әсет Исекешов шама-шарқынша ақталып бақты. Бірнеше ай бұрын Елбасының өзі осы мәселеге қатысты ескерту жасағанын да айта кетті. Олқылықты жөндейтінін айтып, тіпті Үкімет басшысынан көмек те сұрады.

«Біз Астанада жауын суын реттейтін мекеме құрсақ деп едік. Және бұл жүйенің барлығын «Астана тазалықтың» меншігіне беру керек. Сізден тиісті министрлікке тапсырма беріп, осы жұмыспен айналысатын мекемені жекешелендіру жүйесінен алып тастауды сұраймыз», – деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Бақытжан Сағынтаев «табиғат апаттарына ертерек қамдану керек» деп қысқа қайырды. Еске сала кетейік, 20-шы тамыздан 21-ші тамызға қараған түні Елордаға бір айлық норманың нөсері жауған еді. 100-ден аса арнайы техника апат салдарын жоюға жұмылдырылыпты. Ал қыстың қамын жаз ойлағандар мәселесіне Жеңіс Қасымбек тоқталып өтті. Айтуынша, ешқандай мәселе жоқ. Қара отын қоры қыстан шығуға молынан жетеді. Көмір бағасының артуына байланысты дерек әзірге бір ғана өңірде тіркелген.  

«Көмір қазір жеткілік. Өткен жылдың мерзімімен салыстырғанда көмір көп. Ешқандай қиындық жоқ. Вагондардың проблемасы жоқ. Ақшаның қиындығы жоқ. Сондықтан қазір әкімшілікпен, теміржол басшылығымен, бізбен және Энергетика министрлігімен жоспар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», – деді

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі де қозғалды. Білім және Ғылым министрлігінің берген мәліметі бойынша биыл үш миллионнан астам оқушы мектепке барады. Оның 350 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Білім министрі жағымды жаңалықтарымен де бөлісті. Айтуынша, ел көлемінде республикалық бюджет есебінен 110 мектеп салынып жатса, оның 72-сінде осы жылы қоңырау үні естілетін болады.


Азамат Әуезхан, Әнуар Шалекенов, Нұрлан Өтегенов, «Алматы телеарнасы» Астана



Новости партнеров