Биыл әскери қызметкерлердің баспанаға қол жеткізу механизмі өзгерген мүмкіндігі оң әсерін беруде. Бүгінде әскери қызметкерлерге баспана алу мәселесінде 3 түрлі таңдау беріліп отыр. Олар қандай таңдаулар? Әскери қызметкер баспана алу үшін қандай талаптар үдесіне сай болуы тиіс? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамының Алматыдағы филалының басқарма басшысы Мақсат Нұрланұлы ТҰРҒАНБЕКТІ сөзге тартқан едік.
– Мақсат мырза, әскери салада қызмет ететін азаматтар үшін жұмыс істеп жатқан арнайы бағдарламаның қарқыны қандай?
– Әскери қызметкерлерге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» шотында жиналған қаражат көлемі мен таңдалған үйге байланысты қарызының 3 түрі ұсынылады. Мәселен, үй құнының 5 пайызына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметкер жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болатын несиеден үміткер бола алады. Бұл жағдайда клиент таңдаған баспана жаңа үйлер нарығында құрылыс салушы ұсыныстардың бірі болуы тиіс.
20% көлеміндегі бастапқы жарнасы бар әскери қызметкер үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу керек. Ал жоғарыда біз айтқан алматылық қызметкер секілді баспананы қайталама нарықтан өзім таңдап аламын деген әскери қызметкерге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» депозитке 20%-ға тең бастапқы жарна жинау керек және жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеге өтініш беруі қажет.
– Жаңа жүйе несімен оңтайлы? Негізгі талаптары қандай? Баспана алу үшін не істеу керек?
– Бұрын баспанасы жоқ әскери қызметкерлер тұрғын үй төлемдерін алып, оны тек үй жалдауға ғана жұмсай алатын еді. Бірақ мұндай әдіс әскерилерге үй мәселесін шешуге көмектеспейтін. 2018 жылдың басында әскери қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану механизмі өзгерді. Енді оны «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» шотқа жинауға, жеңілдетілген қарыздарды өтеуге, басқа банктердегі ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға, тіпті, үлестік құрылысқа қатысу үшін де қолдануға болады.
Көптеген әскери қызметкерлер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» шот ашып, осы жерде бастапқы жарна ретінде ақша жинады жөн көрген болатын. Енді олар банктің жеңілдетілген бағдарламасымен қарыз ала алады. Әскери қызметкерлерді жеңілдетілген шарттармен несиелендіру үшін банк өз қаражаты есебінен бірінші кезеңде 74 млрд теңге бөлді. Аталған сома үміткерлер арасында әділ және ашық бөлінуі үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арнайы ұпай жүйесін құрды. Оның басты өлшемі ретінде бағдарламаға қатысушының әскери қызметте өткізген мерзімі алынды.
Әскери қызметкерлердің өтініштері Askeri.baspana.kz порталында қабылданды. Бір айдың ішінде барлығы 13 мыңдай өтініш келіп түскен. Қабылданған құжаттардағы ақпараттың қаншалықты рас екенін бөлім командирлері тексерді. Анкеталық мәліметтерді толтырған әскери қызметкерлер қолжетімді несие алудан үміткерлер пулына кірді. Қазіргі уақытта 4 430 адам іріктеліп алынды.
– Егер қызметкердің отбасында бала саны көбейіп жатса, шығын қалай есептелмек? Бағдарлама шеңберінде қосымша шаршы метрді көбейтуге бола ма?
– Әскери қызметкер тұрғын үйді несие сомасына қарай өзі іздейтін болады. Несие сомасы үміткерге мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде есептеледі. Ал тұрғын үй төлемінің көлемі қызмет атқаратын аймақ пен отбасы құрамына байланысты анықталады. Яғни, отбасы неғұрлым үлкен болса, төлем сомасы да соғұрлым жоғары. Тұрғын үй төлемдерін баспана сатып алу үшін бір рет қана пайдалануға болатындықтан, отбасын құрып үлгермеген немесе әлі ата-ана атанбаған жас әскери қызметкерлерге пәтер сатып алуға асықпаған дұрыс. Оның орнына «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» шот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерде жинай берген, ал үй сатып алуға арналған байқауға келесі жылы қатысқан тиімдірек. Әскери қызметкердің депозитте жинған қаражаты пен тұрғын үй төлемі сомасы үлкен болса, кең пәтер сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
– Маңызды мағлұматыңызға рахмет!
Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы