Астана ботаникалық бағы өз жұмысын бастады

03.07.2018 16:07

Елбасы «Алматы» балабақшасын аралағаннан кейін, өзге өңірлер тарту еткен нысандарға барды. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы сыйлаған «Ботаникалық бақта» бар. Аталмыш жобаға 23 млрд теңге жұмсалған. Оның 12 млрдқа жуығы жеке инвестиция. Экспо қалашығына жақын орналасқан саябақтың жалпы аумағы 87 гектардан асады. 44 гектар жер көлік тұрағына бөлінген. Аймақта 11 шақырымды құрайтын  веложолақ пен 10 шақырымнан астам жүгіруге арналған жол салынған. Бақта 90 мыңға жуық түрлі ағаш, сирек кездесетін 606 гүл отырғызылған.

Шығыс Қазақстан әкімдігі 72 метрлік дөңгелене жайғасқан субұрқақты Елбасы назарына ұсынды. Дәл ортасында Шымкентте жасалған  «Тайқазан» қойылыпты. Фонтанға 1 млрдқа жуық қаржы жұмсалған. Ал Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» атты 14 метрлік ескерткіш сыйлады. Монументте қазақпен бірге өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан Ана бейнесі арқылы көрініс тапқан. Бұдан бөлек «Ұлытау» аллеясы да халық игілігіне берілмек.