Қазақстанның туризм әлеуеті қандай?

12.05.2018 02:23

«Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек». Осы аптада Алматы облысында жұмыс сапарымен болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын. Туризм – қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бірден бір сала. Себебі, туризм тікелей жене жанама түрде экономиканың 32 секторына әсер етеді. Ал бүгінгі  Қазақстанның туризм  әлеуеті қандай?  Әріптесім Тоғжан Аман студияға келіп, еліміздегі сыртқы және ішкі туризмнің дамуы жайлы айтып бермек.

- Тоғжан, қайырлы кеш! Елімізге саяхатшылардың келуі жиілеген бе және қай елдер Қазақстанға көп келеді?

-Кеш жарық, Өмір! Иә, бұрынғымен салыстырғанда елімізге қыдырып келетін қонақтар саны әлде қайда артқан. Әсіресе, Өзбекстан азаматтары біздің елге жиі келеді екен. Қуантарлық жайт, былтыр Қазақстанға 7 млн 700 мыңдай турист келіпті. Көш басында 3 млн-нан аса адаммен Өзбекстан тұр, Ресейден 2 млн-ға жуық адам. Ал Қырғыздан  1млн-нан аса турист келген. Сонымен қатар, Қазақстанға Тәжікстаннан, Әзербайжаннан, Германиядан, Түркиядан, Қытай, Беларусь, Украина, Түрікменстан, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан келген. Тур агенттік өкілдерінің айтуынша, шетелдіктерден бөлек, отандастарымыздың да ел ішінде демалуы көбейе бастаған.

«Былтыр біз Араб елінен қабылдадық, сосын Жапониядан келді. Қазақстанға қазақтар да көп қызығатын болды. Қазір жолдар жақсы, тамақ, сервис жақсарып келе жатыр», - деді туристік агенттіктің директоры Раушан ИБРАГИМОВА.

Шетел сарапшылары Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын «нақты» тур өнім жасамайынша туристік қызметтер нарығында өз орнын таппайды деген болатын. Мамандар біздің елде мұндай ерекшеліктердің жеткілікті екенін айтады. Тек оны дамыту жағын қолға алмақ керек. Мәселен, Жібек жолындағы мәдени туризм, сонымен қатар, эко оқиғалы туризмді өркендету қажет. Тарихи –мәдени орындарға бай Алматы, Оңүстік Қазақстан, Жамбыл облысымен  Шығыс Қазақстан да туристер үшін ең қызықты аймақтар. 

«Туристер ең көп келетін жерлер ол- Қайыңды көлі, Үлкен Алматы көлі мен Шарын шатқалы. Және Алматы қаласына да қызығушылар көп. Мегаполистің әсем табиғатынан бөлек, мұндағы көптеген мәдени шаралар, театрлар, жиі ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалар мен галереялар туристерді тартады. Меніңше, Алматы Еуропа мен Қытайды жалғайтын көпір іспеттес болуы керек. Әуежайдан бастап Алматыдағы асханалардың әмбебаптылығы, халқымыздың қонақжайлылығы – туризмнің қарыштап дамуына сеп болады», - деді «Visit Almaty» туристік ақпараттық орталығының директоры  Камила ЛҰКПАНОВА.

Қазір Тур агенттіктер ішкі туризмді дамытуға ден қойған. Еліміздің ерекше орындарымен етене жақын танысу үшін арнайы жобаларды да қолға ала бастағандарын айтады.

«Визит Алматы» мен Алматы қалалық туризм басқармасы бірлесіп дайындаған жарнамалық компания жұмысын бастады. Алматы қаласы мен қонақтарына арналған жоба «Өз қалаңды жақынырақ таны» деп аталады. Бұл тур пакетті алғандар Үлкен Алматы көлі, Қайыңды, Алтын Емел табиғи паркі және басқа да қала маңындағы саябақтар мен орындарды аралайды. Біз тұрғындарды бос уақыттарын табиғат аясында пайдалы өткізуге шақырамыз. Бұл балалар үшін де ата-ана үшін тиімді», - деді «Visit Almaty» туристік ақпараттық орталығының директоры Камила ЛҰКПАНОВА.

«Каспий теңізі мен Шығыс Қазақстанда туризм дамып келе жатыр. Алматы бойынша турларымыз бар, ол Шарын шатқалынан басталып, Алтын Емел-Таңбалы – Алматыға қайтап келеді. Алматы облысын 10 адам 6 күнге баратын болса, оның ішінде жолы, тамағы, жатын орны, гид, музейге кіретін рұқсат қағаздары. Шетелдік турист барса 20-30 пайызға қымбат болады. Алматыдан Оңтүстік Қазақстанның тарихи орындарын аралап келу тамақты қоспағанда 50 адамдық автобуспен 10 мың», - деді туристік агенттіктің директоры Раушан ИБРАГИМОВА.

 2017  жылы Алматыны көруге әлемнің 40-тан астам елінен 1 жарым млн адам келген. Оның ішінде еуропалықтар және Оңтүстік Азиядан келген саяхатшылар көп.  Әр елдің салты басқа демекші, жан-жақтан келетін туристердің талғам-талабы да түрлі болады екен.

«Қытайдан келетін туристер көбіне Алматы мен Астананы аралағанды жөн көреді. Және соңғы жылдары Үнді елінен көп келуде. Оның себебі, бұл елдерге транзиттік визасыз режим жүреді. Қазір Визасыз режиммен Қазақстанға 60-қа жуық елден саяхатшылар келе алады. Оның ішінде Еуропа елдері көп. Еуропалықтар біздегі табиғат пен экотуризмге қызығады», - деді  туристік агенттіктің бас директоры  Асем КОЗЫБАҒАРОВА.

Қазақстанда әуежолдары да жақсы дамыған. Алайда, авиа билет бағасының қымбаттығы- елдің туристік өнім бағасын үлкейтеді, ол сәйкесінше халықаралық нарықта бәсекелестігін төмендетеді, дейді сарапшылар. Бұдан бөлек, қызмет сапасының төмендігі де туристердің көптеп келуіне кедергі көрінеді. Сондықтан болар, қазақстандықтардың көбісі шетелдерде демалғанды жөн көреді.

«Ішкі туризм бізде енді ғана дамып жатыр. Сондықтан біздің қызмет көрсету сапасы аз уақыт ішінде әлемдік деңгейге жетеді деу қиын. Дегенмен, қазір барлық демалыс орындары, қонақ үйлер сапаға мән беріп, жұмыс істеп жатыр», - деді туристік агенттіктің бас директоры Асем КОЗЫБАҒАРОВА.

Сыртқы туризмді айтар болсақ, қазақстандықтар 2017 жылы көбіне Ресей, Қырғыз және Өзбекстан елдеріне барған. Одан кейін, Түркия,Бірікккен Араб әмірліктері, Тайланд пен Малайзия тұр. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметі бойынша,  туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл – экономикаға тікелей әсерін көрсетеді. Халықаралық мамандар қазіргі туризмді құлдырауды білмейтін әлемдік экономика саласына жатқызады. Кіріс жағынан ол тек мұнай экспорты мен автомобильге ғана жол береді. Дегенмен, мамандар елімізде бұл саланың даму үшін мүмкіндігі көп деді. Біздің елге де туристердің ағылып келетін уақыты алыс емес деп сенейік.