Астана халқының саны бір миллионға жақындады

28.11.2017 22:13

Астана халқының саны бір миллионға жақындады. Бұл туралы Елбасы әлем елдеріндегі көптеген футуристік нысандардың авторы Сантьяго Калатравамен кездесуі кезінде мәлімдеді. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Испан мүсіншісін келер жылы Астананың 20 жылдығын атап өтетініміз жайлы хабардар етті. Астана бірегей сәулетімен және өмір сүру үшін жасалған қолайлылығымен ғана емес, сондай-ақ қайталанбас атмосферасымен ерекшеленетінін атап өтті. Испан сәулетшісі өз кезегінде мемлекет басшысын жұмыстарымен таныстырды.  

«Астана қаласының аз уақыт ішінде осындай деңгейге жетіп, өркендегені таңқаларлық. Сізді 36 жылдық жұмыс тәжірибемізбен таныстыру мақсатында келіп отырмыз. Біздің компания әлемнің 26 мемлекетінде қызмет етеді. Афиныдағы Олимпиада нысандары, Лиссабондағы ЭКСПО көрме кешені секілді құрылыстар біздің еңбектеріміз», - деді Испан сәулетшісі Сантьяго КАЛАТРАВА.