Астанада 10 жыл бойы сусыз отқан анаға Ірі су компаниясы тосын сый жасады

15.12.2017 22:26

Астаналық көп балалы отбасы Тәуелсіздік күніне орай күтпеген жерден сыйлық алды. Зейнет жасына жеткен Мәриам Баркенхаева мен оның жанұясына елордалық Ірі су компаниясы қыруар қаржы тұратын су жүйесін тегін өткізіп берген. Мүмкіндігі шектеулі үш баланы әлі күнге дейін бағып келе жатқан кейуана 10 жылдан артық ауыз судан қиындық көріпті. Енді «бұдан кейін өмірім біраз жеңілдейді», - дейді кейіпкеріміз.  

Мәриам Баркенхаеваның жүзі күлкіге, көкірегі қуанышқа толы. Өйткені, ол суды ешқайда бармай, өз үйінен ала алады. Қазіргі баспанасына 13 жыл алдын қоныс аударса да, бұндай мүмкіндікке енді ғана қолы жеткен. Осы аралықта асқа да, үй шаруасына да керекті тіршілік нәрін алыстан тасуға мәжбүр болған.

«Менің қуанышымда шек жоқ. Жасым жетіп, бойымнан әл кеткенде бұл мәселені қалай шешем деп жүргенмін. Мойнымнан жүк түскендей. Өйткені, қолымдағы үш балам да мүгедек. Олар су таси алмағасын, өзім баратынмын. Суықта кезек күтем деп, бауырымды ауыртып алдым. Алайда, қайырымды жандар жағдайымды түсініп, үйдің ішіне су өткізіп берді. Шапағатын көрейін. Рақмет сіздерге», - деді зейнеткер Мәриам БАРКЕНХАЕВА.

Далада аяз тұрып, жер қатқанына қарамастан, компанияның 20 қызметкері өз еркімен игі істі атқаруға сұраныпты. Әйтпесе, үйге жақын су көзін барлау, құдық қазу, құбыр салу да қыс түскенде үлкен жұмыс. Тіпті, «алып техниканың да тісі батпай қалатын шақ болады», - дейді компания маманы.  

«Еліміздің Тәуелсіздік күні кейуананы қуанту керек болды. Жағдайын бірден түсіндік. Қазір 32 диаметрлі құбырларды саламыз. Ал, одан алдын жақын орналасқан құдықты табу керек. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мамандарымыз су, балшық кешуге дайын. Осындай мұқтаж жандарға қолғабыс болу біздің парызмыз деп түсінеміз», - деді компания қызметкері Иван ТОЛМАЧЕВ.

Су құбырын орталық жүйеден өткізіп берген компания өкілі әжей қиналмасын деп, жұмыстарды бір күннің ішінде бітіріп берді. Қыстың қақаған аязында бұл шаруаға 20 шақты адам тартылыпты. Маман бұл қайырымды істің қаржысына да тоқталды. Барлық тыныдырылған жұмыстың құны - 500 мың теңдеген артық.

«Басшының қабылдауына келген Мәриам Баркенхаева барлық жағдайын айтты. Сол жерде басшылық көмек созамыз деп уәде берді. Міне, енді сол айтқанымызды орындап жатырмыз. Негізі, біз енді бұндай шараны жиі өткізетін боламыз», - деді су компаниясының баспасөз хатшысы Назгүл ТАЛИПОВА.

Бізді шығарып салған Мәриам Баркенхаева ұзақ қоштаса алмады. Ол осылай бойына жиналған алғысын білдермек болды. Амандық болса, тіке үйіне қосылған судың арқасында жеміс-жидек отырғызып, жақсылық жасағандарды дастарқан басына шақырам деп ағынан жарылды.