Астанада 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз жұмыстан қуылды

27.09.2017 23:34

Астанада 30 жыл ұстаз болған мұғалім жұмысынан қуылды. Ағылшын тілінен сабақ берген Ұмсын Ербатырова үлгерімі нашар балаға жақсы баға қоймағаны үшін қызметінен аластатылыпты. Мектеп басшылығы ұстаздың бұл әрекетін ерсі деп тапқан екен. Сондықтан жұмыссыз қалдырған. Ашынған маман  мектеп басшылығымен енді соттаспақ.

Екі жылдан соң бейнетімнің зейнетін көрем деп отырған астаналық мұғалім Ұмсын Ербатырова аяқ астынан жұмыстан айырылды. 34 жылдық өтілі бар ұстазды мектеп басшылығы «адамгершілікке жат қылық жасады» деген баппен қызметтен қуған. Ал еңбек кітапшасына түскен «қара таңба» оны абыройдан айырып, жұмысқа тұруына кедергі келтіруде. Енді ол мектеп басшылығының әділетсіз әрекетін әшкерелеп, ар-намысын қорғап алғысы келеді.

¤ «Мектеп басшылығы мені жұмыстан қуу үшін 6-шы сынып оқушысының ата-анасын қолданып отыр. Ол баланың сабағын 4-ке қорытпағаным үшін директорға шағым жасаған. Алғашқы тоқсандарда 3-ке шыққан баланы 4-ке шығара алмаймын ғой. Сол арызды пайдаланып, менен құтылу үшін жаман айып тағып, баппен жұмыстан шығарды», - деді ұстаз ¤ Ұмсын ЕРБАТЫРОВА.

Ағылшын тілінің мұғалімі Ұмсын Ербатырованың айтуынша, мектеп басшылығы оны жұмыстан шығару үшін сыныққа сылтау таппай жүріпті. Онымен ұстаздардан, оқушылардан ақша жинауға қарсы шыққаны үшін жауласқан. Тіпті интерактивті тақтаны пайдалана отырып, еңбек кітапшасын көрсетіп, бұрын күтуші болып еңбек еткенін айтып әжуалапты. «Оның соңы жұмыстан қуумен аяқталды», - дейді Ол. Ал мектеп директоры бұл мәселеге қатысты қандай да бір уәж айтудан үзілді кесілді бас тартты.

¤¤Ал №15 мектептің өкілі ұстаздың 6-шы сынып оқушысына күн бермей қорлағанын, тіпті суицидтік жағдайға жеткізгенін айтып айды аспанға бір-ақ шығарды.

¤«Ол баланы күйзелістік жағдайға жеткізген. Оқушы өмір сүргісі келмей, бұл туралы үнемі айтып отырған. Бала ағылшын тілінен жақсы оқыса да, әдейі төмен баға қойып, қорлаған», - деді №15 мектеп-лицейінің құқығын қорғаушы Әсемгүл ИСАБЕКОВА.

Ал Ұмсын Ербатырова бұл айыппен мүлдем келіспейді. Керісінше жасаған қиянаты үшін мектеп басшылығынан 500 мың теңге өндіріп алудан ниетті. Әділдіктің жеңетініне сеніп, абыройын қайтарып аламын деп тас-түйін.

 

Әлия Алмауытова, Нұрлан Өтегенов, АТ. Астана