Астанада 300 отбасы қоныс тойын тойлай алмай жүр

05.06.2018 16:42

Астанада үш жүз отбасы қоныс тойын тойлай алмай жүр. "Жағалау-4" тұрғын үй кешеніне жайғасуы тиіс тұрғындар мердігер компанияның жауапсыздығынан пәтеріне бас сұға алар емес. Ең сорақысы ешқандай коммуналдық шаруасы шешілмеген тұрғын үй комиссия қабылдауынан өтіп кеткен.

Екатерина Сорокинаға осы айда біраз шығындалуға тура келгелі тұр. Қазіргі жалдап тұратын пәтеріне 100 мың, ал ипотеканың алғашқы төлемі 80 мың теңгені осы айдан бастап құю керек,- дейді. Ал көптен күткен пәтерінде су да, жарықта жоқ.

«Құрылыс жүргізген компания ішкі жұмыстарды толық аяқтамаған. Су, жарық, есептегіш құралдары жоқ. Осыны сылтау етіп, кілтті бермей келеді. Біз "Тұрғын - үй құрылыс жинақ банкімен" жұмыс толық бітпейінше, ақша құймау туралы қайта келісім жасағымыз келеді. Екі жаққа 180 мың теңге беру қалтамыздан қағады»,-деді Екатерина СОРОКИНА.

Құрылысшылардың жұмысқа ат үсті қарағанына, тиісті міндеттерін толық атқармағанына билік өкілдері енді ғана біліп тұр-мыс. Есіл аудандық бақылау және сапа басқармасының қызметкерлері жауапты мамандардың ішкі жұмыстарды бітірмей тұрып, үйді қабылдағанына таңқалды.

«Тапсырушы, бас мердігер, теxникалық және авторлық бақылаушы үй тұрғызылмас бұрын құжаттарды қарайды, қол қояды, сосын қабылдайды. Егер де жұмыста қателіктер мен өзгерістер болса, заң бойынша, екі жылда бітіреміз деген кепіл болуы тиіс. Мердігер есептегіш құралын да қоюды өз мойнына алу керек. Ал егер де жобадан ауытқу немесе оны өзгерту болатын болса, тұрғындар бізге xабарласа алады. Біз тексереміз»,-деді Астана қаласы есіл аудандық сапа және бақылау басқармасының бөлім басшысы Азамат ӘМІРЖАНОВ.

Жиналған елді алаңдатып отырған бұл ғана емес. Тұрғындардың үміттенген баспанасы орталық жылу жүйесіне толық қосылмаған. Енді бұл шаруаны шешу үшін қыруар қаржымыз кетеме деп алаңдап отыр. Алайда құрылыс компаниясы қалаға қарайтын жүйеден бөлек жылыну торабына қосуларын түсіндіре алмай отырған көрінеді. Көпшілік қордаланған сұрақтар жақын арада шешілмесе, сотқа жүгінбек.