Астанада ит жейтін маскүнемдер анықталды

Астанада ит жейтін маскүнемдер анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада ит жейтін маскүнемдер анықталды. Полицейлер қала төңірегінде ащы суға сылқия тойып алып, көршілерінің мазасын алатын бір топ адамды ұстаған. Олар ұзақ жылдан бері тәртіп сақшыларынан бұқпантайлап келіпті. Одан бөлек, тән саудасын жасырын қыздырып келген келіншек қолға түсті. Қазір күдікті әйелдің қанша жезөкшеге делдал болғаны анықталып жатыр.

Мына мекен-жайға тәртіп сақшылары арнайы келді. Себебі, жергілікті учаскелік полицей тұрғындардың мазасын алатын азаматтардың жиілегенін хабарлаған. Айтуларынша, күндіз де, түнде де маза жоқ. Барлығы араққа сылқия тойып алып, қаңғыбас иттерді өлтіріп, азық етеді екен. Тіпті, полицейлерден де шіміріккен жоқ.

«Кешкісін қорқынышты. Ішімдікке тойып алып, иттерді бауыздайды. Жан даусын естисің. Тіпті бізге сес көрсетіп, тыныштық бермейді»,- деді Қала тұрғыны, Виктория ЛЕСОВА.

«Өткенде күшікті өлтіріп жатқанын көрдім. Балалар әбден шошынып қалған. Тіпті, аулаға шығудан қалды. Маскүнемдердің маза бермей келе жатқандарына 10 жылға жуықтады»,- деді Қала тұрғыны, Наталья СЕЛЮТИНА.

Полицейлердің келгенін сезсе де бұзақылар есікті ашуға асықпады. Сондықтан, тәртіп сақшыларының күш қолдануына тура келген. Үйден тараған қолаңса иіс қолқаны қабады. Әр жерде босаған бөтелкелер.  

Нина есімді азаматша тәртіп сақшыларының қойған сауалына есті жауап бере алмады. Оның қасында өзге төрт адам бар. Барлығы ащы суға сылқия тойып алған. Сондықтан, полицейлер оларды бейімдеу орталығына алып кетті.

«Бұл іс-шара әкімшілік құқыз бұзушылық деңгейін төмендету, қала тұрғындарына қауіпсіз жағдай жасау үшін қолға алынып отыр. Өздеріңіз білесіздер қазіргі кезде Халықаралық Экспо көрмесі өтіп жатыр. Осыған орай, тексеру жұмыстары екі есе күшейтілді. Сіздердің көргендеріңіз біздің жасайтын жұмысымыздың тек екі сағаты ғана»,- деді Сарыарқа ауданы ІІД өкілетті қызметкері, Бауыржан ТАШЕНОВ.

Тексеру барысында сонымен қатар, жеңгетайлықпен айналысып, тәртіп сақшыларынан қашып жүрген азаматша құрықталды. Белгілі болғандай ол, біраз уақыттан бері заңсыз түрде қыздардың тәнін сатуға делдалдық жүргізіп келген. Сондай-ақ, осы тексеріс кезінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер анықталған. Нәтижесінде, 4 дерек тіркеліп, олардың ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылған.

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Новости партнеров