Астанада көмірдің бағасы қымбаттады

12.09.2017 в 18:20

¤Астанада көмір қымбаттап барады. Баға былтырғыдан 20 пайызға өскен. Қымбатшылықпен күресе алмаған билік болса тығырықтан шығатын амал ойлап әлек. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 18 мың теңгеден үлестірмек. 

Астаналық жер үйдің тұрғындарына көмірсіз өмір жоқ. Қытымыр қыстың 6 айға созылатынын былай қойғанда, қара отынның құны қалтаға әжептәуір салмақ салары сөзсіз. Мәселен, мына үйді жылыту үшін қыстың күні Жәния апа 7 тонна жұмсайды, жеткізгенімен қосқанда 110 мың теңгеге жуықтайды. Ал айлық зейнетақысы шайлығынан ауыспайтын апа үшін бұл соманы табу қиын.

«Көмір өте қиын. Бізге бір көмегі болса, содан өте риза болар едік. Қазір бағаларын көрмейсіз бе, 13 жарым мың теңге, екі айдың пенсиясы 45 мың теңге», - деді  зейнеткер Жания ДҮЙСЕНОВА.

Соңғы тиынын қара отынға жұмсап, көктемге сүйретіліп әрең жететіндердің саны едәуір. Көмір тасып күнелтетін Ерғазы да оның құнының күрт өскеніне ашынады.

«Көмірдің бағасы айтуға келмейді. Жылдан жылға өзімізде шығатын көмір қалай соншама қымбаттап жатқанын түсінбейміз. Ол да қарапайым халыққа қиын. Қымбатшылық. Бензинде қымбат. Тысамалдау қымбат деп айтып жатыр, бәрі қымбат қой құрал сайман», - деді көлік жүргізушісі Ерғазы ЖҮНІСОВ.

Астанада көмір дәл осындай қоймаларға әкелінеді. Тас отынның бір тоннасы биыл 13500 теңгеден сатылуда. Ал оны үйге дейін тасып алуға 10-12 мың теңге тағы жұмсайсың.¤

Бейнекамераға түсуден бас тартқан көмір тасымалдаушы делдалдардың айтуынша, қара отынға тапшылық байқалмайды әзірге. Алайда көмір алуға көпшілігінің жағдайы келмей отыр. Ал қымбатшылықпен күресе алмай, салы суға кеткен жергілікті билік болса «тығырықтан шығатын жол» тапқанға ұқсайды. Мәселенің шешімі ретінде тұрмысы төмен отбасыларға көмір алуға көмектеспек. Алайда бір қыста берілетін материалдық төлем бар болғаны 18156 теңге. Бұл ақшаға бір тоннадан аса көмір тиеді. 

«Былтыр 16-17 жылы бізде 1262 адам 21 млн 329 мың теңге ақшалай көмек көрсеттік. Биылғы жылы да одан аз болмайды, көп болмаса», - деді ¤ жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Дариға ЖҮНБАЕВА.

Бұл қаражат мұқтаж жанның есепшотына аударылады. Оған отбасында бірнеше адам құқылы болуы мүмкін. Алайда мүмкіндік тек оның біреуіне ғана беріледі. Құжаттарды қабылдау  15 қазаннан басталады. Ол үшін тұрғындар Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш беру керек. Ал елордалық тұрғындар болса көмірдің арзандайтынынан әлі де үмітті.

 

Әлия Алмауытова, Олжас Мәденов, «Алматы» телеарнасы  Астанадан