Астанада қылмыс жасау дерегі азайған

Астанада қылмыс жасау дерегі азайған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада қылмыс жасау дерегі азайған. Үстіміздегі жылдың 9 айын өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда көрсеткіштер 21%-ға төмендепті. Бұл туралы Бас прокуратура Құқықтық статистиканы қалыптастыру  басқармасының басшысы Руслан Әлкенев мәлімдеді. Маман соның ішінде көп тіркелетін қылмыстар, яғни адам өлтіру қылмысы - 38 пайызға, ұрлық жасау - 17,8, қарақшылық дерегі - 23 және бұзақылық - 11 пайызға азайғанын тілге тиек етті. Дегенмен, басқарма басшысы үй тонау мен ұялы телефонды қалталы ету жағдайы әлі де көкейтесті, дейді.

«Қазір үй тонау көрсеткіші 5,5% көбейген. Өткен жылы 1619 пәтер тону қылмысы тіркелсе, биыл 9 ай ішінде 1715 -ке дейін жеткен. Сонымен қатар, ұялы телефонды ұрлау дерегі 2016 жылмен салыстырғанда 77,3 % артқан. Былтыр 12 айда 1294 жағдай тіркелсе, биыл қыркүйек айының  соңына дейін 2294 қылмыс анықталды. Осыған орай үй иелері  мен телефон қожайындарын салғырттық танытпай, жеке дүниелеріңізге ұқыпты болуларыңызды сұраймыз», - деді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасы басшысы  Руслан ӘЛКЕНЕВ.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Астана тұрғындарын жол жүру ережесін сақтауды сұрады. Биылғы жылы елордада жол-көлік апаты азайғанмен, жаяу жүргіншілер ережені жиі бұзатын болған. Биылдың өзінде қайтыс болған 49 адамның 29-ы жолдың рұқсат етілмеген жерінен өткен.


Новости партнеров