Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінің өкілдері Астанада пәтер өртенген кезде ірі мөлшердегі ақша жоғалғаны жайлы жазбаға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұрын Асхат Сұлтанов есімді пайдаланушы Фейсбукте Астанадағы пәтерінде өрт болғаны туралы хабарлаған болатын: «Біз түс кезінде отбасымызбен Алматыға ұшып кеттік. 23:20-да көршілеріміз қоңырау шалды. Әдетте үйдің кілтін үш кіреберіс арыда тұратын досым Дәуренге қалдырамын. Қолма-қол соған хабарластым. Ол іле-шала үйге жеткенде өрт сөндірушілер жұмысқа кірісіп, есікті ашып жатқан екен. Дәурен есікті кілтпен ашады. Пәтерден қою қара түтін қаптаған соң өрт сөндірушілер адамдарды, соның ішінде Дәуренді де шетке шығарып, пәтерге кірген».
А. Сұлтановтың айтуынша, үйінде әйелінің машинасын сатқан ақша және тағы бір дүкен ашу үшін жинаған ақша - 15 миллион теңге және 8 мың доллар болған.
«Үйдегі ақша болмай шыққан. Дереу полиция шақырдық. Сол кезде сағат түнгі 01:40 еді», - дейді А. Сұлтанов.
ТЖК баспасөз қызметі өрт фактісін растады.
«16 наурыз күні 23:09-да 14 қабатты «Көктем-2» тұрғын үйінің №1 кіреберісінен түтін шығып жатқаны туралы хабар келді. 23:12-де №16 арнаулы өрт сөндіру бөлімшесінің кезекші қарауылы (16 қызметкер және 2 техника) жетіп барған кезде пәтерлердің бірінің жатын бөлмесінде 10 шаршы метр ауданда үй-тұрмыстық заттары және жиһаздар өртеніп жатқан. Жалын 23:40-та ауыздықталып, 23:42-де толықтай сөндірілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің тұтануына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған».
Сонымен қатар, ведомствоның баспасөз қызметінің өкілдерінің мәлімдеуінше, үйдің есігін Өрт сөндіру қызметкерлеріне пәтер иесінің көршісі ашып беріп, өрт сөндірілген соң жапқан. Сондай-ақ көрші өрт сөндіру қызметкерлеріне ешқандай кінәрат жоқ деп қолхат та жазып берген.
«Оқиға орнында ақша жоғалды деген хабар келген соң Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері сонда барды. Түсініктемелер алынды. Тексеру жүріп жатыр», - дейді Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері.