Астанада студенттерге жалған IELTS сертификатын сатқандар ұсталды

28.04.2018 в 00:58

Елордадағы басы дауға іліккен медициналық университет ректоры қызметінен босатылмайды. Елжан Біртанов 117 студенттің тапсырған жалған IELTS сертификаттары дауына қатысты өз пікірін білдірді. Денсаулық сақтау министрі медицина саласы үшін бұл өте қиын жағдай деді.  Еліміздің бас дәрігері сала мамандардың  ағылшын тілін тез арада меңгеріп кетуіне де сенбейтінін жасырмады.

Жасыратыны жоқ, Астана медицина университетіндегі даулы жағдайдан кейін ректор Мәжит Шайдаровты жұрт орынан кетеді деген еді. Бірақ бұны министр Елжан Біртанов жоққа шығарып, ректор әлі өз орнында  қалады деді. Ведомство басшысы қазір тексерістер жүріп жатқанын айтты. Бірақ жалған сертификаттарға қатысты дау министрге ұнамағаны анық. 117 студенттің оқудан қуылуына сеп болған сертификаттар жайы отандық медицина саласының беделін түсіреді деген ол, бұл былықтан кейін жоғарғы оқу орындарының барлығы тексерілетіндігін ескертті.

«Кеше арнайы ақпараттар берілді. Осы ситуация бойынша. Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, басқа қажетті зерттеу, тексерістер, басқа жоғарғы білім ұйымдарында өткіземіз, әрине. Біздің ойымызша, бұл, әрине, өте нашар жағдай. Оның себебі - біздің бүкіл Денсаулық сақтау саладағы әріптестерімізге үлкен өкінішті жағдай деп айта аламыз», - деді  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Министр Біртанов ағылшын тілі барлық салада маңызды деді. Өзі басқаратын ведомствода өзге тілді жетік меңгерген мамандар бар, бірақ олардың саны аз дегенді де қоса кетті. Ал олардың жақын арада басқа елдің тілінде сөйлеуіне сенбейді министр. Бірақ Біртановтың айтуынша,  адам жанына араша болғысы келетіндер міндетті түрде ағылшынша білу керек және бұл талап қатаң сақталмақ.

«Аз уақытта біздің дәрігерлер ағылшын тілінде оқып және сөйлеп кетеді дегенге сену қиын. Ақ халаттылардың өзге тілді білуі жайында талап кеше шығарылған жоқ. Баяғыдан бар. Дегенмен, қазір оқып жүргендердің қатарында шет тілін жақсы меңгергендер баршылық. Оны көріп жүрміз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Қазіргі кезде 117 студентке жалған сертификат сатты деген күдікпен екі азамат ұсталған. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, қазіргі кезде тергеу амалдары да басталып кеткен.

«Қазіргі таңда Астана қаласының Анықтау басқармасында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 27 қылмыстық іс, жалған сертификаттарды пайдаланған факті бойынша сотқа жіберіліп, олар бойынша процессуалдық шешім қабылданған болатын. Сонымен қатар, қазіргі таңда екі күдікті анықталып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы істің тергелуі Астана қаласының басшылығының қатаң бақылауында тұр», - деді Астана қаласының Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Естеріңізге сала кетейін, апта басында Астана медициналық университетінде жалған IELTS сертификаттарын қолданғаны үшін 117 студент оқудан шығарылған болатын. Студенттерден бөлек, оқиға нәтижесінде бөлім деканы, орынбасары мен бір бас маман қызметінен кетті. Қазір тексеру жұмыстар жасалып жатыр.