Келбетінен көз қорқатын Астана базарларын бір қалыпқа келтіру үшін кемінде әлі екі жыл керек. Бас қаланың базарларындағы былықты Президенттің өзі сынға алып, 20 жылдыққа жеткізбей реттеуді тапсырса да, жұмыс жуық арада бітпейтін секілді. Өйткені, базаркомдар жұмыс жоспарымен бөлісіп, іске кіріскеннің орнына аумаққа жолатпай, бастарын ала қашып отыр.
Темір тұлпар мінген тұрғындардың табан тірейтін, қажетті бөлшектерін табатын базардың бірі бұл. Келсең кіруің, кірсең шығуын қиын. Сыртының өзі жабайы жарнама, жөнсіз қойылған контейнерлер. Ашық базарда аяқтан суық өтіп, төбеден жабыр сорғалап тұр. Арқаға келген адамның алдынан шығатын жабайы, сұрықсыз сауда орындарының бірі - құрылыс базары. Келген жанның қалтасын қағатын қарақшыда, айғайға басып, айналасының апай-топайын шығарған мәдениетсіздік, көлік кептелісіде осында.
Екі сауда орындарының басшылығы да түсірілімге тоқтау салып, базарды бағзыдан бүгінгі талапқа өзгерту туралы ойларын білдірмеді. Ал мынау аумағы 40 мың шаршы метрлік көтерме базары. Даңғыл жолдың бойын жағалай жатқан базардың әкімшілігі кемшіліктердің көп екенін жасырмады. Әсіресе, тас жол бойындағы қала аралық автобустардың рұқсатсыз базар алдын автовокзалға айналдыру сатып алушыларға үлкен кедергі деді.
«2,5 гектар жер мақсатын автовокзал ретінде өзгертіп, оған бүгінгі таңда, эскиздік және жұмыс жобасын жібердік. Қазір экспертизадан өтсін. Қалайда біз экспертизадан өткеннен кейін, осыған инвестиция тартып, жақын арада осы сұрақты шешуге тырысамыз», - деді Қазақстан сауда кәсіпорындар бірлестігінің вице-президенті, базар басшысы Қайырлы ТАУКЕНОВ.
Елордадағы базарлардың жалпы саны - 25. Оның тең жартысы талапқа сай келмейді және ретсіз қойылған контейнерлерде сауда жүргізіп келеді. Базар басшыларыда «тұтынушылардың таза, ыңғайлы, станционарлық, жылу мен желдеткіші бар жерлерде сауда жасағанды ұнатады» дейді.
«Бүкіл базарлардан контейнерлерді алып тастау керек. Қазіргі кезде Астанада 25 базар болса, соның кейбірі, оның ішінде Орталық базар мен «Әлем» осы ереже бойынша жұмыс істей бастады. Ал қалғандары алдағы уақытта контейнерлерді алып тастап, бутик типтес сауда орындарына ауысуы керек», - деді Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Руслан ЫДЫРЫСОВ.
20 жылдан бері жайылып келе жатқан жабайы, заманға лайықсыз сауда орындарын реттей алмаған Астана билігі тек Президенттің ауыр ескертпесінен соң ғана селт етті. Бірақ қаптаған қалың контейнерлерді көтеріп, орнына көрікті ғимараттар салу жазда болатын мерейтойлық мерекеге дейін емес, кемінде 2 жылдан соң жөнделмек.