Астанада 130-дан астам үлескерді тақырға отырғызған «Куршевель» тұрғын үй кешенінің мердігері, әрі директоры Бақтығали Өтегенов қамауға алынды. «Happy Village» коттедж қалашығы құрылыс компаниясының басшысы саналатын Өтегенов екі жыл бойы ЭКСПО аумағы, халықаралық әуежайға жақын жерде «бес қабатты үй саламын» деген сылтаумен адамдардан қаржы жинап келген. Бірақ шаршы метрі 385 мың теңгеге бағаланған нысан толық аяқталмай, тұралап қалған. Қалтасындағы соңғы тиынын салғандар дабыл қаққанда, тексеріс жұмыстары басталып, оның барысында тағы бір былық анықталған. Құжат бойынша 72 пәтерлі бес қабатты үйді көтеру барысында Өтегенов соқыр сенімге сенген үлескерлерге қосымша тағы екі қабат салынады деп, ол үшін де қаржы жинаған. Қолға түскен күдікті қамауға алынып, оның инвесторларға қанша залал келтіргендігі анықталып жатыр.
«Инвесторлардың ақшасын иеленіп, осы алаяқтық дерекке барған. Қазір таңда ҚР ҚК 190-шы бабы, яғни "Алаяқтық" баппен сотқа дейін қылмыстық іс жүріп жатыр. Сонымен қатар, директордың алаяқтық әрекетіне алданып қалған жәбірленушілердің ІІД арыз жазуын өтінеміз»,-деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.