Астаналық полицейлер көшедегі тәртіпті электромобиль арқылы бақылып жүр. Тың көлікті таңдаудың өзіндік себебі бар. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ол шағын әрі басқарылуы да жеңіл. Тар жерде емін-еркін қозғалады екен. Қазір Астанада мұндай машинаның 20 шақтысы қолданылып жүр. Алда санын көбейту жоспарда бар.
Мына электромобильсіз «Орталық» саябақтың тыныштығын елестету мүмкін емес. Күнделікті патрульдік полиция қызметкері Мақсат Таңатов әріптесімен бірге әдетінше аймақты аралап, қоғамдық тәртіпті бақылауға шығады екен. Сақшының айтуынша, халықтың да көзі үйренген. Алғашқы кездегі оғаш көзқарастар байқалмайды. Бастысы - ыңғайлы әрі шағын.
«12 сағаттың ішінде өте ыңғайлы электромобиль. Бұның ең маңыздылығы -аумақта территорияларды, саябақтар арасында жүруге, адамдар тексеріп, әрі-бері қозғалыста тез жетуге, парктің ішінде жүруге ыңғайлы және жұмыс қызметін істеуге ыңғайлы», - деді ІІД жол-патрульдік полиция қызметкері Мақсат ТАҢАТОВ.
Астанада мұндай жаңашылдықтардың енгізілуі бірінші рет емес. Осыдан 3 жыл бұрын патрульдік полиция қызметкерлері қарапайым көліктен сегвей мен велосипедке отырған. Ол да ұры-қарыны ұстауға септесіп келеді. Бірақ электромобильге ауысқалы бері қызмет ету тіпті жеңілдепті. Күніне бірден 2-3 дерек тіркеледі екен.
«Электробмобильдік автокөліктердің бізде 20 данасы бар. Бұлардың негізгі атқаратын қызметі және жүретін жерлері ол көбінесе қаланың саябақтарында орналасқан. Ол 102 түскен шақыртуларға тезірек баруғы ыңғайлы», - ІІД жол-патрульдік полиция полкі рота командирінің орынбасары Әуезхан ТӘЖІҒҰЛОВ.
Бұндай инновациялық жаңашылдықты қала басшысы Әсет Исекешов те мақтан тұтып, әлеуметтік желідегі парақшалырының бірінде жазба қалдырыпты. Әр аймаққа бөлінген көліктер жарты сағатта қуат алады. Ол 8 сағатқа жетеді екен. Бастысы - бұл көлік «ЭКСПО» көрмесі ашылуы кезінде қала тыныштығын бақылау мақсатында іске қосылған. Әзірге көрме қалашығында осындай екі көлік қолданылып келеді.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан