Ата-аналар үйлерінде тек білім саласындағы сайттарды ғана қоса алады - Дәурен Абаев

21.06.2018 17:15

Балаларды интернеттегі теріс ақпараттан қорғауда халықаралық тәжірибе енгізіліп жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаторлар интернетте кеңінен тарап жатқан теріс ақпараттан балаларды қорғау бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.

«Әрине, бұндай жұмыстарды біз жүргізіп жатырмыз. Осы шаралар екі бағытта іске асырылады. Біріншіден, ата-аналарға қажетті ақпаратты кеңінен беру қамтылған, яғни біздің қолымыздағы барлық тетіктерді қолданамыз. Осы орайда радио, интернет немесе теледидар, газеттер арқылы таратамыз. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ата-аналарға тиісті ақпаратты жеткізу тәсілдері атқарылып жатыр», - деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар министр екінші бағыт та өте маңызды екенін атап өтті.

«Интернет операторлармен бірлескен шараларды ескеріп отырмыз. Оларға да тиісті жобаны бердік. Әр ата-анаға үйінде «таза» немесе «білімді» интернет орнату мүмкіншілігін бердік. Бұл тұрғыда 4-5 мыңға жуық білім саласындағы сайттарды үйлерінде қолжетімді ете алады, ал қалғандарына тыйым салынады. Бұл қадамдар халықаралық тәжірибені пайдалана отырып жасалуда. Атап айтқанда, бұл жұмыстарды ары қарай оңтайландыра түсеміз», - деп түйді Д. Абаев.

Айта кетейік, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңы қабылданды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құжатта ең алдымен белгілі бір жас топтарындағы балалар арасында қандай ақпараттық өнімді таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалған. Ол үшін балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас сыныбы және жас санаты дейтін ұғымдар енгізіліп отыр.

Жоба бойынша мұндай ақпараттық өнімнің төмендегідей жас санаттары белгіленген. 6 жасқа дейін, 6 жастан асқан, 12 жастағы, 14 жастағы, 16 жастағы балалардың жетілу және дүниетану мүмкіндігіне сәйкес жіктелген. Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылуда.